Жалағаш ауданы көгілдір отынның игілігін көріп отыр
Жалағаш ауданы көгілдір отынның игілінің көріп отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бүгінде аудан халқының 45,1 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
2023 жылы бастау алған Ақсу, М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары қазіргі таңда қарқынды жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 1,3 млрд. теңге.
Бүгінгі күні мердігер мекеме құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде, қыркүйек айында аяқталып, жылу беру маусымына дейін іске қосу жоспарлануда.
Аталған жобалар жүзеге асырылғаннан кейін аудан тұрғындарының 57,8 пайызы газбен қамтылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, біз елді мекендерді газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыратын боламыз.
Осы орайда, ағымдағы жылы Қаракеткен, Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Сонымен қатар, Жалағаш кентіндегі №123, №246 орта мектептерін табиғи газға ауыстыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 42,5 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы аудандық бюджет есебінен 2 әлеуметтік нысан газ отынына қосылатын болады.
Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құраса, электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі 45,2 пайызды құрап отыр.
Биылғы жылы Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 922,0 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жыл аяғына дейін толық пайдалануға беріледі.
Аталған жобалар толық іске қосылғанда аудан бойынша электр жүйесінің тозу деңгейі 32,5 пайызға төмендейтін болады.