Базарда санитарлық талаптан өтпеген еттер сатылымда
Астана қаласындағы “Әлем” базарында ветеринариялық құжаттары жоқ, жалған мөр басылған қауіпті ет өнімдері сатылғаны белгілі болды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Полиция дерегінше, 41 жастағы ер адам сатушыларға заңсыз көмектесіп, олардан ақша алып, етке жалған мөр басып берген. Соның нәтижесінде, өнімдер уәкілетті органдардың рұқсатынсыз және ветеринариялық талаптарды сақтамай саудаға шығарылған. Еттің нақты қайдан жеткізілгені әзірге белгісіз.
Құқық қорғау органдары күдікті қолдан жасаған мөрді тәркілеп, “жалған құжаттарды, штамптар мен мөрлерді дайындау және өткізу” бабымен қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар базар әкімшілігіне мұндай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында қажетті шараларды қабылдау туралы ресми ескерту берілді.
Полиция тұрғындарды ет өнімдерін сатып алу кезінде рұқсат қағаздарын мұқият тексеруге шақырады. Өнімнің шығу тегіне қатысты күмән туындаған жағдайда, бірден 102 нөміріне хабарлау ұсынылады.







