Сотталғандарға арналған онлайн дүкен ашылды

1 521

inbusiness.kzСемей қаласында қауіпсіздігі жоғары мекемеде жазасын өтеушілерге онлайн сауда жасау мүмкіндігі берілді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Абай облысының түзету мекемелерінде енді сотталғандар азық-түлік пен күнделікті қажетті заттарды арнайы терминалдар арқылы тапсырыс бере алады. Электронды дүкен – жабық цифрлық жүйе, онда тек рұқсат етілген тауарлар ұсынылады.

Тапсырыс терминал арқылы рәсімделгеннен кейін дүкен қызметкерлері тауарды жинап, мекемеге жеткізеді. Барлық өнімдер міндетті түрде тексерістен өтеді.

Жеке кәсіпкер Батырбек Әмірханов жүйенің негізгі мақсатын былай түсіндірді:

«Біздің мақсатымыз – әр операция тіркелетін, жеңіл әрі ашық жүйені қалыптастыру. Алғашқы тапсырыстар қабылданып, сотталғандарға жеткізілді. Бұл олардың күнделікті қажеттіліктерін ыңғайлы әрі қолжетімді түрде өтеуге арналған сервис. Ассортиментті де ұдайы кеңейтіп отырамыз».

Сотталғандар жаңа жүйенің тиімділігін атап өтті.

«Маған бәрінің әділ әрі түсінікті жүргізілетіні ұнайды: баға нақты көрсетілген, қорытынды сома бірден шығады. Интерфейс қарапайым, технологияны жақсы меңгермегендерге де оңай. Балансты нақты уақыт тәртібінде бақылауға болады. Мұндай сервистердің енгізілуі пенитенциарлық жүйені жаңғыртып, процестерді қызметкерлер мен сотталғандар үшін барынша ашық етеді», – деді  сотталған.

Осылайша, онлайн дүкен жүйесі сотталғандардың күнделікті қажеттіліктерін жеңіл әрі қауіпсіз түрде қамтамасыз етуді көздейді және түзету мекемелерінде цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.