Сыр елі – өнердің мөлдір бұлағы

1 539

qarmaqshy-tany.kz«Сыр – алаштың  анасы. Тарихқа жүгінсек бұл жерде қазақтың үш астанасы болған Жент, Сығанақ, Қызылорда. Сыр өңірі Қорқыт бабаның, Жанқожа мен Бұхарбай сынды батырлардың, Мұстафа Шоқайдың, сыр сүлейлері кердері мен ғұлама Тұрмағамбеттің, ақын Әбділда мен Нартайдың, Әбдіжәміл мен Қалтайдың және көптеген аруақты, дарынды перзенттердің туған өлкесі. Сонан да Қызылорда күллі қазақ үшін қасиетті ортақ жер».

Н.Назарбаев

Сыр өңірі – белгілі бір дәстүрдің ғана жеке дамыған жері емес, тоғыз жолдың торабы, сан түрлі тарихи оқиғалар мен көзқарастар бір мүддеге тоғысқан топырақ. Сол себепті өңірде өмір сүрген жырау, жыршы, ақын, күйші, әнші, сал-серілер шығармашылығы әлем әде­биетінде сирек кездесетін құ­былыс ретінде өзіндік сипаты басым өнер түрі есебінде айрықша назар аударады. Сыр елінде өмір сүріп аты үш жүзге мәлім болған ақын-жырауларымыз ұрпақ тәрбиесіне, инабаттылық пен ой-өрісінің дамуына, эстетикалық талғам биігінен көрінуін басты назарда ұстаған. Бұл жырлар ұлтымыздың болашағына үлгі-өнеге ретінде жол салған. Атадан балаға мұра болып келе жатқан жыраулық өмір арқылы жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, жас­тарды адамгершілікке, гуманизмге, еңбек етуге үндейтін толғау термелер де игі қасиеттерді көңілге тоқып, зердеге сіңіруге баулыған. Соның ішінде Сыр сүлейлерінің көп бөлігі Қармақшы өңірінде туып, өсіп, айшықты жыр күмбезін жасағаны баршаға мәлім. Оған қоса көмейінде бұлбұл сайраған, сұлу сазды, алуан мақамды, жезтаңдай  жырау, термеші, жыршылардың қалың тобы осы өңірді мекендеген. Мысалыға, атақты Ешнияз сал, Жиенбай Дүзбенбетов, Сәрсенбай Бөртебаев, Тұрымбет Салқынбаев, Тасберген Құлманов, Шегебай Бектасұлы, Рүстембек Жиенбаев, Дайырдың Оңғары, Молдахмет Дабылов, Жүсіп, Ібаш, Дүйсен, Мұзарап, Үбісұлтан, Әкімгерей, Көшеней тағы басқа да есімі елге кеңінен танылған жыршы жыраулардың туған, өмір сүрген жері Сыр бойы, қасиетті Қармақшы жері.

Сонымен қатар  жыраулық терме өнерінің атадан балаға мирас болып жалғасуы да осы өңірден көрініс табады. Атақты өнер саңлағы атанған, айтулы ақын, жыршы, композитор Ешнияз сал (1834-1902) – Қармақшы ауданының қазіргі Тұрмағамбет ауылында туып, бүкіл ғұмырын осы жерде өткізген. Оның баласы Кете Жүсіп атанған Ешниязов (1871-1927 ж) әке жолын әрі қарай жалғастырып, дамытып, жыраулық өнерімен дараланып көзге түскен. Оның баласы Мұзарап Жүсіпов (1905-1972 ж) 13 жасында шаршы топты таңдандырып «Жырау бала» атанған. Мұзарап жырау 17 жасынан бастап өлең жазумен айналысып, өмір көріністерін өз байқауынша бұлжытпай қағазға түсіріп, оны әке мақамында домбырамен толғай жырлаған. Мұзараптың баласы Сабыт Жүсіпов те жұртшылыққа кеңінен танылған жырау, әрі ақын болған. Осылайша жыраулық өнерді мұрат етіп ата-баба мақамын сол сәулет, сымбатымен асыл қазынадай ардақтап, баяғы мөлдір күйінде жалғастырып келе жатқан жыраулар ұрпақтары осы ауданда көптеп саналады. Сыр сүлейлерінің  бұл маңға шоғырланып, жыр күмбезін осы жерден көтеруінің мәні неде? Бәлкім кемеңгер ақын, ән мен күйдің атасы атанған Қорқыт бабаның осы өңірде мәңгі қонақтап қалғанынан болар.

Халық ауызында

«Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,

Бата алған барлық бақсы, асқан ата.

Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,

Қобызбен Қорқыт ата күй тартқанда» деген жыр жолдары тегін айтылмаса керек. Өнердің ең жоғары түрі – халықтық өнер, ол жүздеген жылдар өтсе де сыны қашпай, саф күмістей сақталып келе жатқан ең асыл да қымбат мүлкі. Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа жолдаған Жолдауында «Біз қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз» деп атап көрсеткен болатын.

Халқымыздың ардақты ұлы Шоқанның досы Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді»  деп тегін айтпаса керек. Сол кезде бүкіл Сыр өңірі жыр жырлап тұрғандай еді. Қазір зертеушілер саз өнері саласында Қазақстанда 4 мектеп бар десе, Атырау, Арқа, Жетісу мектептерімен бірге Сыр бойының жыраулық мектебі ұлттық саз өнерінің шаңырағын көкке тіреп тұрған төрт тағанның бірі болып саналады. Ал Сыр сүлейлері осы мектептің негізін қалаушылар екеніне ешкім дау айта алмас.

Сыр бойының ежелден «Сыр елі – Жыр елі» атағы қалыптасып, жырау, жыршы-термешілік өнері бүгінгі күнге дейін атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болып сақталып келеді. Осы сақталған мұра қос ішекті қасиетті домбырамен қосыла толғанып, жанды жадыратар жақсы әуез, сырлы мақамымен киелі Қармақшы топырағында, оның ішінде жырдың туын тіккен Тұрмағамбет ауылында жалғасын табуда.

Бүгінгі ұрпақтың басты мақсаты – осы телегей теңіз рухани азық боларлық асыл мұраларды төкпей-шашпай жинақтап, тереңірек зерттеп, оның қыр-сырын түгел ашып, толымды түрде ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Осындай асыл мұраның ізін жойып алмай ұрпақты тәрбиелеу үшін 1986 жылы Қармақшы ауданында «Жыраулар мектептері» ашылды. Мұндай маңызды зор істің жүзеге асуына әдебиет пен өнерді зерттеуші, республикалық, одақтық ғылымдардың тікелей бастамасы мұрындық болды. Солардың ішінде КСРО халықаралық этнографиялық мемлекеттік музейінің сектор меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты Алма Құнанбаева осы мектептерді ашуда көп еңбек сіңіргенін айрықша атап өтуіміз керек. Ол осы кезге дейін ескерусіз келген халықтық өнер бұлағының көзін зерделілікпен іздеп тауып, оны бұқара қауымның рухани нәр алатын таусылмас асыл қазынасына айналдыру жолында аянбай тер төкті. Оған бағыт берген, жөн сілтеген белгілі, білікті әдебиетші ғалым Рахманқұл Бердібаев екені сөзсіз. Өйткені Рахманқұл Бердібаевтың «Сыр бойының терме саздары» атты мақаласында «Бұрынғы кезде күндіз-түні жыр айтып, қалың тыңдаушысының өнерге деген құштарлық мейірімін, шөлін қандыратын жыраулардың көп болғанын, қазір Қазақстанның біраз жерлерінде бұл терме сазының ұмытылып бара жатқанын, ал осы Қармақшы өңірінде жыраулық дәстүрдің күшті дамып, әлі сол күйінде сақталып келе жатқанын орынды мысалдармен дәлелдеп, «Ендігі міндет сол терме сазын Қызылорда облысы көлемінен асырып, бүкіл Республика аумағына жеткізу, мүмкін  жыраулық терме біздің әлемдік аренаға шығатын мақтанышымыз болар» деген еді. Көңіл бөлмесе – өнер жетім. «Сыр бойының қазақ халқының рухани қазынасына қосатын сыбағасы – жыраулық терме екені әмбе жұртқа анық болуы тиіс» деп жанашырлық танытқан еді. Осы пікір жас ғалым Алма Құнанбаеваға ой салып оның халықтық өнерге деген құштарлығы артты. Ол сонау Ленинградтан Қармақшы ауданына бірнеше рет келіп, осындағы жергілікті жырау-термешілермен дидарласып, олардың өнер шеберлігін байқап, әр жыраудың орындау мақамын магнитофонға жазып алып кетеді. Ауыл қарияларымен кеңесіп, бұл өңірдегі жыраулық өнердің маңыздылығына тәнті болады. Сөйтіп бұл ауданнан жырау­лар мектебін ашу ниетімен одақ көлеміндегі тиісті мәдениет, ғылыми, қоғамдық мекемелерге қайта-қайта кіріп, олардың алдына нақты талап қоя білді. Соның нәтижесінде Москвадағы Бүкілодақтық халық творчествосымен мәдени ағарту жұмыстары ғылыми методикалық орталығының сектор меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты Б.М.Малицкаяның бастауымен арнайы комиссия құрылды. Олар бұл ұсыныстың орынды екенін дәлелдеп, арнайы шешім қабылдады. Соған орай 1986 жылы Қармақшы ауданында төрт жыраулар мектебі ашылды. Бұл мектептерде сабақ халық шығармашылығының дәстүрлі үлгілерін дамыту, жетілдіру және осы өңірден шыққан бұрынғы атақты жыраулардың мақамдарын танып, біліп, өмірге пайдалану негізіндегі ғылыми-практикалық эксперимент есебінде жүргізілді. Қармақшы ауданының Ақжар кеңшары (сол кездегі атауы) Сәрсенбай жырау мектебі мен Ленин кеңшары (қазіргі атауы Тұрмағамбет) ауылында Тасберген жырау мектебі, аудандық мәдениет үйі жанынан Жиенбай жырау атынан мектептер ашылды. Ақжар ауылындағы Сәрсенбай жырау мектебінде Сәрсенбай жыраудың баласы Алшынбек Сәрсенбаев жетекшілік етсе, Тұрмағамбет ауы­лындағы Тасберген жырау мектебіне ардагер ұстаз Сүйінбай Ақбаев, Жиенбай жырау мектебіне жыршы – Шамшат Төлепова апамыз жетекшілік етті.

Қазіргі Тұрмағамбет ауылында (ол кезде Ленин совхозы деп аталатын) №29 мектеп жанынан Тасберген жырау мектебі ашылды. Сыр бойының дүр ақыны Тұрмағамбет Ізтілеуовтей тарлан талант шыққан, Ешнияз сал бастаған өнер сәйгүліктері қаулап шыққан өнер ордасы өнердің қазыналы мекені болды. Көмейінен мың құбылтып сазды әуен төккен жыраулардың бірі – Тасберген Құламанов (1870-1940ж) өмір сүрген. Оның әкесі Құламан халыққа ғибрат өнеге білдіріп, адамгершілікті, әділдікті үндейтін ұзақ дастан толғауларды іркілмей толқындата төгетін, үлпілдек желдей жағымды әуезді термеші болған. Тасбергеннің баласы Нұрмахан (1899-1984ж) оның баласы Қалабай да ата дәстүрін жалғастырған өнер иесі. Бұл жыраулық мектепке қырық жылдай ұстаздық қызмет атқарған ардагер ұстаз Сүйінбай Ақбаев жетекшілік етті.

Ол ағай Сыр бойы  жырау жыршыларының  мақамдарын түгелдей меңгерумен бірге арқа, оңтүстік өлке термешілерінің де бірсыпырасының жыршылық мәнерін білетін, көңіл сарайын өнер қазынасына айналдырған құйма құлақ, шебер жыраулардың бірі еді. Сүйінбай ақсақал жыраулар мектебінің ашылуына тілектестік білдіріп, себепші болып, жұмыстың тоқтап қалмай алға басуына, содан тиянақты нәтиже шығаруға  тырысып, ақысыз, тегін жұмыс жасап, жыраулар сапын қайта тіктеді. Жиенбай жырау мектебін белгілі жыраулар Шамшат Төлепова, Бидас Рүстембеков жалғастырды. Жиенбай Дүзбенбетов (1864-1929 ж)  шашасына шаң жұқтырмайтын, арғымақтай жалпақ елге әйгілі жырау болған. Сонымен бірге  ол терең ойға, астарлы сырға тұнған тіні мықты матадай тозбайтын көркем жырлар жазып қалдырған. Оның өмірдің қатпар-қатпар алуан қырларын шынайы күйінде суреттеген толғауларын қазіргі жыршы, жыраулар үнемі орындап келеді. Жыраулық өнерді насихаттауда ұрпақтар сабақтастығы көрініс алады. Рүстембек Жиенбаев (1906-1966 ж), Көшеней Рүстембеков (1946-1973 ж), Бидас Рүстембеков, Арнұр Көшеней, Барбол Рүстембековтер мұқалмайтын алтынның сынығы деп мақтан етеміз.

Осындай жүйеленген жыраулық мектептер өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Бүгінде Тұрмағамбет ауылында екі жыраулық мектеп жұмыс жасайды. Тасберген жырау мектебі, жетекшісі – Алмат Азаматов, Жиенбай жырау мектебі, жетекшісі – Дінислам Тоқсанбаев. Сол жыраулық мектептен қаншама түлектер киелі өнерден сусын алып өнер жолына қадам басқанын мақтан етемін.  Белгілі жыраулар Серік Жақсығұлов, Майра Сәрсенбаева, Айгерім Ешбаева, Амандық Бүрлібаев, Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаев, Әділхан Қуаңбаевтар жыр саңлағына айналып, шәкірт тәрбиелеп жүрген өнер иелері. Тасберген жырау мектебіне жетекшілік еткен Зәуре Кәрібаеваның қанаттандырған шә­кірт­тері Ғазиза Шаймаханова – Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, сол оқу орнында «Сыр мектебінен» дәріс береді. Қытайда, Италияда, Түркияда сыр бойының жырларын насихаттағанын мақтан етеміз. Нұршат Ақбаева – Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, Сыр мектебінің жырларын насихаттаушы. Гүлдәрі Құрманбекова, Жанерке Кажденбекова, Нұрпатшайым Әділбекова, Оңғарқызы Арай төгілдірген термесімен халықтың мақтанышына айналды. «Атаның баласы болма, халықтың баласы бол»   деген батаның дарығаны осы шығар деп ойлаймын. Кішкентай жырау Арайдың жыраулар сапынан табылып, Елбасының қолынан домбыра алуы, Сыр еліне жырдан шашылған шашу деп қабылдаймын. Сыр саңлақтары өз шығармашылығында тәрбие үдерісінің мақсаттарын нақтылап отырған. Сыр бойы жыраулары адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп жастарды өзін-өзі танып білуге, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа ұмтылуға, мейірімділікке, сүйіспеншілікке баулып келген. Жастардың жан-дүниесін байытып, ақыл-сезімін жетілдіруді басты мақсат тұтқан. Сырдың сырлы сарынымен жырлаған Сыр сүлейлерінің толғау термелерінен үзінді алып, дәлелдеме жасап, тізе беруге болады. Демек Сыр елінде өмір сүрген ақын-жырауларымыздың дүниетанымы халқымыздың ежел­гі даналық үлгілерімен қабыса бай­ланысып жатқанын көруге болады. Сыр елінде ғасырлар бойы қалыптасқан жыраулық, жыршылық өнер халқымыздың рухани дүниетанымының көркемдік ойлау жүйесінің жемісі. Осы тұста «Сыр сүлейлерін» биік заңғар тауға теңейтін болсақ, сол таулардың ішіндегі еңсесі биік тұлға Тұрмағамбет ақын екені белгілі.

«Дүниеден өмір бітіп, өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,

Арманда болмай-ақ қой екі көзім»  деп жырлағандай Тұр­мағам­бет ата жырлары жыршы-жырау­ларымыздың кең насихаттауына ие.

Сыр бойы, Қармақшы жері, Тұр­мағамбет ауылы шашасына шаң жұқтырмас шайырлар мекені. Сыр сүлейлерінің сұңқары Кете Жүсіптің «Адамдық пен Надандық» өлеңінде:

Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген,

Табиғат түбі терең қол жетпеген.

Өнерін өмірінің біле тұрып,

Маңдайын пенде бар ма терлетпеген.

Баз біреу көп ақылға ие болып,

Жұмысын ешбір жанға жөндетпеген.

Баз біреу мал базарын мақсат етіп,

Ауруын адамдықтың емдетпеген.

Ақылдың ауырлығы қорғасындай,

Көңілді бұзық іске өрлетпеген – деп ұрпаққа тәлімдік өсиет айтады. Жыраулық өнер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, саф алтындай мінсіз сұлулығын сақтауға әрбір талапкер жанашырлық білдіруі парыз. Осындай киелі өнерді кең көлемде өрістету, жас таланттарға қолдау көрсету кезек күттірмес мәселе болу керек. Сыр сүлейлерінің жыр күмбезін тұлғаландырып, жарқырата түсу бүгінгі және келер ұрпақ еншісінде.


Зарипа ТАСЫМОВА,

 Т.Ізтілеуов атындағы

 №29 қазақ орта

мектебінің директоры