Полиция басшысы мен орынбасарлары қылмыстық топ құрды деген ақпарат тарады

2 514

Фото: Іnstagram.com/ayaganov_sagindykӘлеуметтік желілерде Маңғыстау облысының полиция департаментінің басшысы Сағындық Аяғанов пен оның орынбасарлары қылмыстық топ құрды деген ақпарат тарады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Анонимді хатта департаменттің бас полицейі генерал Сағындық Аяғанов сыбайластары арқылы жалған мемлекеттік сатып алулар рәсімдеп, алдын ала келісілген компанияларға тендер ұтқызды деген айып тағылған. Сонымен қатар қызметкерлердің іс жүзінде атқарылмаған жұмыстарға қол қоюға мәжбүрленгені айтылған.

Өтініш Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асловқа, ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа және Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолданған. Хат авторлары ведомствоның тылдық қамтамасыз ету, ақпараттық байланыс және қаржылық қамтамасыз ету басқармаларын ҰҚК орталық аппаратының қатысуымен кешенді тексеруден өткізуді сұрайды. Сондай-ақ барлық құрылыс, жөндеу жұмыстары мен сатып алуларға сот сараптамасын тағайындауды, департамент басшылығы мен оған қатысы бар тұлғаларды жауапкершілікке тартуды және дәлелдері бар қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді.

Полиция департаменті бұл айыптауларды негізсіз деп жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, аноним хаттағы деректерді тексеру үшін ІІМ-нің арнайы комиссиясын департамент бастығының өзі шақырған. Комиссия хатта көрсетілген мәліметтердің рас-өтірігін анықтау жұмыстарын бастады.

– Сіздерден жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. Интернетте әдейі бұрмаланған мәліметтерді жариялау және тарату заңға қайшы. ҚК-тің 274-бабына сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деп ескертті облыстық полиция.

Ведомство мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке зиян келтіріп, ауыр құқықтық салдарға алып келуі мүмкін екенін атап өтті.