Ақтөбеде екі қабатты ғимарат опырылып, бір әйел жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр

330
Кеше кешке Ақтөбе қаласындағы "Даму" кәсіпкерлерді дамыту қорының екі қабатты ғимараты опырылып түсті. Апатты оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, бір әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Құтқарушылар оқиға орнынан тағы бес адамды құтқарып қалған, деп хабарлайды облыстық ТЖД қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі. ,
1 қыркүйек күні сағат 19: 25-те Ақтөбе облысы ТЖД кезекшілік-диспетчерлік пультіне "Даму" кәсіпкерлерді дамыту қорының ғимаратының шатыры мен екінші қабаты опырылып түскені туралы ақпарат түскен. "Алдын ала болжам бойынша опырылып қалған ғимарат бөлігінің ауданы 200 текше метр. Оқиға орнына ТЖД-ның 15 қызметкері мен 4 техника жұмылдырылып, ғимарат ішінде болған 5 адам құтқарылды. Одан бөлек, 2 адам ауруханаға жеткізілді", - делінген ведомство таратқан хабарламада. 
"Диапазон" газетінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда зардап шеккендердің бірі ауруханада жансақтау бөлімінде. Бұл туралы басылымға жедел жәрдем қызметінің бас дәрігері хабарлаған. Оның айтуынша, 1987 жылы туған азаматқа көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылған. Ал әйел адамның жағдайы мүшкіл. Омыртқасы мен бас сүйегі зақымданған әйел жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. 
"Қазіргі таңда ол жансақтау бөлімінде. Бірнеше қабырғасы, омыртқасы сынған. Негізгісі - бас сүйегінің жарақаты. Ауыр халде, кома жағдайында. Толық көмек көрсетілуде. Мамандар айналысып жатыр. Туыстарының айтуынша, ғимараттың төбесі құлаған. Ол бірдеңенің астында қалған. Жұмыста болған болуы керек. Алған жарақаттары өте ауыр. Ешқандай болжам бере алмаймыз", - деді ТМКК басшысы Серік Қапанов.