Бетперде киген ер адам науқас қызы бар жалғызбасты әкеге үй сыйлады
Қара бетперде киген белгісіз ер адам эпилепсиямен ауыратын қызын жалғыз өзі бағып отырған Еркебұлан есімді әкеге жаңа пәтердің кілтін табыстады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Еркебұлан – II топтағы мүгедектігі бар азамат. Оның неврологиялық ауруы бар, ал қызы эпилепсия диагнозымен күресіп жүр. Бұған қоса, қыздың дамуы жасына сай кешеуілдеп келеді. Әкенің айтуынша, қызын емдету үшін Оңтүстік Корея мен Үндістанда медициналық көмек алуға болады, алайда оған шамамен 10 миллион теңге қажет.
«Нан мен шай алуға да қызымды ертіп барып, курьер болып табыс табамын. Тамақ дайындаймын, киім жуамын, үй жинаймын. Әйелім 2022 жылы ми ісінуінен қайтыс болды. Ем іздеп жүріп 2 миллион теңге несие алған едік, бірақ аман алып қала алмадық. Қатты сағынамын, сағыныштан түсіме жиі кіреді. Ауыр. Ешбір ер азамат әйелінің артында қалмасын», – дейді ол.
Отбасы ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрған. Жомарт жан жаңа пәтердің кілтін табыстап қана қоймай қызының еміне және Еркебұланның өз кәсібін ашуына қосымша қаражат та берген.







