Ауруханада мүмкіндігі шектеулі баланы соққыға жыққан
Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімшесінде ем алып жатқан 10 жастағы екінші топ мүгедектігі бар бала өзге науқастар тарапынан қорлық көрді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Анасының айтуынша, палатадағы 12 жастағы бір бала оның ұлын бірнеше күн бойы мазалап, тамағын тартып алып, аш қалдырған. Сонымен қатар денесіне жарақат салған.
“Төрт тәулік бойы дұрыс тамақ ішпеген. Бір бала үнемі соққыға жыққан: басынан ұрған, ішінен тепкен. Кейін иығынан ұстап, еденге лақтырған. Денесінде көгерген іздер бар. Мен полицияға арыз жаздым, бірақ әзірге сараптаманың жасалмағанын айтты”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Дәрігерлер балалар арасында жанжал болғанын растағанымен, оны тек «ұрыс-керіс деңгейіндегі келіспеушілік» деп сипаттады.
“Кешкі уақытта мобильді ойын ойнап отырған кезде 10–12 жастағы балалар арасында дау туындаған. Мейіргер палатаға кіргенде олардың бір-біріне балағат сөз айтып жатқанын көрген. Кейін балалар әртүрлі палаталарға ауыстырылды”, – деді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының педиатр-кардиологы Әлима Ботбаева.
Баланың анасы объективті тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Оның айтуынша, ұлының денесіндегі көгерген іздер аурухана қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да тексеріс жүргізуге себеп болуы тиіс.







