Ата-аналар баласы есірткі қолдана ма, жоқ па өздері тексере алады

1 507

Фото: Видеодан скриншотЕнді қазақстандық ата-ана баласы есірткі қолдана ма, жоқ па өздігінен тексере алады. Елде “Әр үйге – тест” атты бастама іске қосылды. Аталған тестілер 48 түрлі тыйым салынған затты анықтай алады және дәріханаларда сатылып жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл бастаманың негізгі мақсаты отбасыға мәселені ерте анықтауға көмектесетін құрал беру. Ата-ана  жасөспірімді сол арқылы тәуелділік асқынып кетпей тұрып құтқара алады. 

“Біздің ұстанымымыз - бақылауды мемлекет емес, ата-ана жүргізуі тиіс. Ата-ана баласының есірткі қолданатынын неғұрлым ерте білсе, оны құтқару, тиісті ем бастау немесе психологиялық түзету шараларын қолдану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады”, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов. 

Бір тесттің бағасы 4,5 мың теңгеден басталады. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, үйде тексерудің өзі жасөспірімге психологиялық тосқауыл қалыптастырады. Экспресс-тест жүйелері қазір дәріханаларда сатылып жатыр. 


“Қазір тәуелділік әлдеқайда тез қалыптасады. Көбіне адам бірінші немесе екінші қолданудан-ақ тәуелді бола бастайды. Синтетикалық есірткілер өте улы. Асқынулар негізінен жүйке жүйесіне әсер етеді. Ішкі ағзалар, әсіресе ми мен бауыр қатты зардап шегеді”, – деді Астана қаласы қабылдау бөлімі мен қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Айтқожин.