Сыныптас қыз бен жігіт өз-өзіне қол жұмсаған

1 516

Фото: жасанды интеллект арқылы жасалдыЕкібастұз қаласында екі күннің ішінде 17 жастағы ұл мен қыз қайтыс болған. Олар бір-бірін бұрыннан таныған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Қайғылы жағдай туралы ақпарат алғаш әлеуметтік желіде тараған. Кейін бұл мәліметті Павлодар облысының полиция департаменті растаған.

Полиция департаментінің хабарлауынша, екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалған.


“Суицид фактілері бойынша қылмыстық істер тіркелді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері сотқа дейінгі тергеу барысында анықталады”, – делінген хабарламада. 

Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева жасөспірімдердің 2008 жылы туғанын, бұрын бір сыныпта оқығанын және дос болғанын айтты.

“Жігіт Екібастұз қаласындағы мектептердің бірінде 11- ші сыныпта оқыған. Ал қыз жергілікті колледждің 1-курс студенті болған. Екеуі де тұрмысы жақсы отбасында тәрбиеленген. Екеуінің денесін туыстары тапқан”, – деді ол.

Сәуле Шәкеневаның сөзінше, оқу орындарында буллинг фактілері анықталмаған. Ал жасөспірімдер ешқандай профилактикалық есепте тұрмаған.

Әлеуметтік желіде қыздың жігіт қайтыс болғаннан екі күн өткен соң көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда ресми органдар бұл мәліметке қатысты пікір білдірмей, барлық жағдайлар тергеу аясында анықталатынын мәлімдеген.

“Бұл өңірде жыл басынан бері тіркелген кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алғашқы жағдайлары”,  – деді Шәкенева.