Еліктерді атқан браконьерлерге жаза тағайындалды
Ақмола облысында "Көкшетау" ұлттық паркінде еліктерді заңсыз атқан браконьерлерге сот үкімі шықты. Үш сібір елігін атып, табиғатқа ірі зиян келтірген қылмыстық топ мүшелерінің бірі 6 жылға, қалған екеуі 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Ақмола облысында "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында заңсыз аң аулау дерегі бойынша (Қылмыстық кодексінің 337-бабы) айыптау үкімі шығарылған.
Үш азамат "Көкшетау" ұлттық паркіне қарасты Зеренді филиалының қорғау аймағында үш бас сібір елігін заңсыз атып, табиғатқа елеулі зиян келтірген. Іс алқабилердің қатысуымен қаралған. Сотталушылар кінәсін мойындамағанына қарамастан, Зеренді ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысының қағидаттық ұстанымының арқасында олардың кінәсі толық дәлелденген.
"Сот үкімімен қылмысты ұйымдастырушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, екі сыбайласы әрқайсысы 2 жыл 8 айға сотталды. Қылмыс жасау кезінде пайдаланылған автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді. Ауданда жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 337-бабының ауыр бөлігі бойынша шығарылған екінші айыптау үкімі болып отыр", – делінген хабарламада.
Ақмола облысының прокуратурасы жануарлар дүниесі объектілеріне, әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қол сұғу қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.







