Екі сіріңкенің арқасында аман қалған: Қарағанды облысында екі азамат бес күн бойы дала кезіп жүрген
298
Қарағанды облысы Приозерск қаласының екі тұрғыны елсіз далада бес күн қалып қойған. Ер адамдар қала сыртындағы тастанды ғимараттарға бармақшы болыпты, алайда жолда көліктері бұзылып қалған. Осылайша қаладан бірнеше шақырым дерге ұзап кеткен. Сөздерінше, ескі екі сіріңкенің және тоқтаусыз іздеу жұмыстарын жүргізген құтқарушылардың арқасында аман қалған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап.
Александр мен оның досы Максим бес күн бойы су және тамақ ішпеген. Олар тастанды ғимараттарды зерттеумен шұғылданады екен. Айтуларынша, мұнда ашылмаған құпиялар өте көп. Алайда дәл осындай шытырман оқиғаны күтпедік дейді. Жолда көліктері бұзылған соң жаяу кері қайтпақ болған. Үш күн сусыз және тамақсыз 100 шақырым жүрген. Бірақ басқа бағытта кетіп қалған. Ал Максим Александрды иесіз үйде қалдырып, өзі көмек шақыру үшін кеткен.
"Төртінші күні жалғыз өзім болдым. Сосын бесінші күні де. Бір күн бойы күттім. Соңында өлемін деп ойладым. Күшім де қалмады", – деді Александр.
Бесінші күні Александр ескі әскери ғимараттан сіріңке тауып алған. Алайда қорапта тек екі дана болыпты. Сіріңкемен от жағып, құтқарушыларға белгі беруді ойлаған. Ал бұл уақытта құтқарушылар Максимді телефоны таратқан белгі арқылы тапқан.
"Жолымыз болды. Бұталарды өртеп, белгі бердім. Түтінді көріп құтқарушылар мені де тауып алды. Олар мені өлді деп ойлаған екен", – деп қосты Александр.
"Олар берген координаттар дәл болмағандықтан, іздеу қиындай түсті. Бірақ маңайда иесіз ғимараттар көп. Барлығын аралап шығу үшін күш қажет. Ер адамның от жаққаны дұрыс болды. Екеуінде де әл қалмаған. Жол бойы алғыс айтып, жылады. Қуанып, тағы рахмет айтты", – деді Приозерск Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Абюров.
Құтқарушылар саяхатшыларға сапарға шықпас бұрын көлік пен барлық құрылғыларды тексеруге кеңес береді. Сонымен қатар сапарға аттанатыны туралы жақындарына ескерткен жөн.