Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті
Қазалы ауданында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған «Ұлт азаттығы қозғалысы және Жанқожа батыр» атты ғылыми-танымдық конференция өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оған облыстың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен еңбек ардагерлері қатысты.
Аймақ басшысы конференция жұмысына сәттілік тілеп, тарихи тұлғаның ғасырдан ғасырға жеткен ерлік даңқы ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
Конференцияны Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет жүргізді. Іс-шарада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы және ұлт-азаттық көтеріліс (жаңа мұрағат деректері негізінде)», Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Молдахмет Қаназ «1856-1857 жылдары Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған Сырдария шаруаларының көтерілісі. Себебі. Барысы. Бағалануы. Батырдың тағдыры» тақырыбында баяндама жасады. Ғалымдар ұсынған тың деректерге орай қатысушылар ой-пікір өрбітті.
Сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Наурызбай Байқадамов, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы сөз сөйледі.
Мереке аясында батыр рухына тағзым ету рәсімі, «Елі үшін туған ер Жанқожа» атты театрландырылған қойылым, қазақ күресінен республикалық турнир, баба рухына арналған ас, «Халқына қорған болған батыр баба» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Әйтеке би кентіндегі орталық стадионда Жанқожа батырдың 250 жылдығына және «Алтын күз-2024» мерекесіне арналған салтанатты шара, эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік гала-концерт өтеді.
(Жанқожа батырдың баласы – Жолшы батырдың аузынан 1929 жылы жазылып алынған. Жазып алған – немересі Көрегенов Қобылан).
“Жанқожа батырдың тарихы” деп аталатын бұл көлемді қолжазбада Сыр бойы тұрғындарының сүйікті батыры “Ел қорғаны – Ер Жәкең” атанған Жанқожа батыр Нұрымбетұлының өмірбаяндық шежіресі баяндалған. Мұнда батырдың ата-тек шежіресі тарқатылуымен бірге Жанқожаның сыртқы басқыншы жауларға қарсы жасаған жорықтары кезең-кезеңімен әсерлі әңгімеленген. Әр оқиғаға жеке тарау беріліп, тақырып қойылған. 17 тарауға бөлінген тарихи шежіренің соңында Жанқожа батырдан тараған ұрпақтары туралы нақты мәліметтер кездеседі.
Әрине, өткен ғасыр басында жазылған шежіренің мазмұнында аздаған стильдік кемшіліктер болғанымен, мұндағы әңгімелер батыр жайындағы бұрын айтылып, жазылып жүрген тарихи деректерден онша алшақтамайды. Қайта Жанқожа батырдың ер тұлғасын, бекзат болмысын, кескін-келбетін, мінез-құлқы мен басқа да кісілік сипаттарын аша, толықтыра түседі.
Қолжазбаның сыртқы мұқаба бетінде “Жанқожа батырдың тарихы”. Материалын, тарихын құрастырып жинаған Жанқожа батырдың туған немересі Көрегенов Қобылан. Ескерту. Бұл жазылған тарихи материал Жанқожа батырдың баласы Жолшы батырдың 1929 жылы өлер алдында өз аузынан жазылып алынды. Қобылан. 17 октябрь, 1945 жыл. Город Казалинск. Кзылординская обл” деген жазу бар.
Қазіргі уақытта ҚР ҰҒА Орталық Ғылыми кітапханасының Сирек қолжазбалар қорында сақтаулы тұр (ОҒК. ҚҚ: 734-бума). Қолжазба бұрын жарияланбаған. Сыр өңірі тарихы үшін аса бағалы мұраны тауып, газетке ұсынушы – облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының бөлім басшысы, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан.
Р.S. Қолжазбаның иесі – Жанқожа батырдың туған шөбересі Қобылан Көрегеновтің ұрпақтары қазіргі таңда Тараз және Астана қалаларында тұратындығы белгілі болды. Әулеттің қазіргі үлкені – Жасарал Қобыланұлы Көрегенов ұзақ жылдар бойы ҚР Бас прокуратурасы институтында жауапты қызметтер атқарған.
Халық аузында Нұрымбетов Жанқожа батырдың есімі көп уақыттан бері аталып келеді. Бұл кісінің даңқы, халық үшін істеген еңбегі, ұлт бостаншылығы үшін күресі – қазақ халқына, қала берді Қызылорда, Ақтөбе облысының еңбекшілеріне (еліне) өте айқын. Жанқожаның батырлығын, ерлігін, қазақ халқы үшін Ресей патшалығының саясатына қарсы күресін білмейтін Кіші жүздегі қазақтар аз. Жасы үлкен ақсақалдар бастарын қосып, әңгімелескенде, Жанқожаның ерлігін айтады.
Жанқожа туралы 1944 жылы Қазақстан халқының кітабында бірқатар орын беріліп, оның революциялық күрестерін жазған болатын. Дегенмен, ол өте жеткіліксіз. Бұл жайында Қазақстан жазушылар союзы және ғылыми қызметкерлер күні бүгінге дейін түрлі материал жинаса да Жанқожа батырдың еңбегі толық көрсетілмей келеді.
Сондықтан, Жанқожаның тарихын төмендегі фактілермен суреттемекшіміз. Бұл жазылып отырған материал Жанқожа батырдың баласы, Жолшы батырдың аузынан 1929 жылы (өлер алдында) жазылып алынды. Енді айтайық деген әңгіме-пікірімізге келейік.
Жанқожа батыр – Нұрымбет баласы. Былайынша айтқанда, Кіші жүздегі руы – Әлім, Әлімнің ішінде – Шекті, Шектінің ішінде – Құттық, Құттықтың ішінде Майдан деген руынан болады.
Нұрымбеттен төрт бала туады. Ең үлкені – Ақмырза, сонан соңғысы – Жалмырза, сонан кейін Жанқожа, ең кенжесі – Жауқашар. Яғни, бұл төртеуі ағайын, туысы бір – бір әке, бір шешеден, шешелерінің аты – Дүрия.
Төртеуі де жасынан-ақ, өте-мөте зерек, пысық болады. Әрқайсысының мінездері әртүрлі келеді. Атап айтқанда, ең үлкені Ақмырза батырлығымен ерекшеленгенімен ақылынан ашуы бұрынырақ келетін болған. Онан соңғысы Жалмырза салмақты, бір өзеңдеу, садақшы болған. Сонан кейінгі Жанқожа өте кең мінезді, анау-мынау нәрсеге көтерілмейтін, орнықты, салмақты, ақылға кең, сөзге шебер, сөзден ұтылмайтын, әр нәрсеге икемді, қолынан істің бәрі келе беретін, ұсынақты қасиетті иеленіпті. Екінші сөзбен айтқанда садақ, найза, қылыш, қанжар, балдақ, қобыз, сыбызғыны өзі істеп ала беретін және естігенін ұмытпайтын бір көрген нәрсесінен жаңылмайтын зерек те болған. Ең кішісі – Жауқашар күйгелектеу, мінезі шалдуар, тентек келген екен.
Нұрымбет деген кісі байсалды, момын мінезді, етек-жеңі кең, салмақты батыр адам болған. Негізгі кәсібі ауылшаруашылық, мал бағу, өзінің еңбегі арқылы күнелтіс еткен. Солай бола тұрса да, Нұрымбет халық арасында беделді, істі дұрыс шешетін төрешіл кісі.
Бір жағынан шаруа болса да, екінші жағынан батырлығы басым болған. Нұрымбеттің әкесі Киікбай, Киікбайдың әкесі – Құлжаман, Құлжаманның әкесі – Майдан, Майданның әкесі – Кішкенелер де батырлық, әділдікпен өткен адам.
Нұрымбет балаларын жақсы тәрбиелеп, адамшылық жолында баулып өсіруді ең бірінші міндетім деп санаған. Балаларына керекті жағдайлардың барлығын да қамтамасыз еткен. Мысалы: жау-жарақ, құрал-сайман, ат-тұрман, жүйрік ат, алғыр бүркіт, қыран құс, құмай тазы, сауық кеш құралдардан – сол замандағы қурайдан істелген сыбызғы, қарағайдан істелген қобыз, домбыра сияқты аспаптардың барлығын да балаларым үйренсін деп жинай берген. Нұрымбет аса малды емес, көшерлік 7-8 түйесі, сауып ішерлік 5-6 биесі – жылқы малы болған. Нұрымбет 82 жасында, яғни 1710 жылы туып, 1792 жылы Хиуа хандығына қарсы соғыста өліп кетеді.
І. Жанқожаның
балалық шағы
Жанқожа Нұрымбетұлы 1767 жылы қазіргі Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты 19-ауылдық территориясындағы «Ақирек» деген таудың ұлтанындағы «Айқайкөл» деген жерде туады. Жанқожа балалық дәуірін 16 жасқа дейін Ақирек тауының ұлтанында өткізеді.
«Болар бала жасынан» дейді қазақ мақалында. Сол айтқандай, Жанқожа туғаннан бастап, жас болса да халық аузына іліге бастады. Өйткені, халық деген өте сыншы, адамның жақсылығын да, жамандығын да сынап отырады, адамның ісіне қарай баға береді.
Біз жоғарыда Жанқожаның әкесі Нұрымбет деген кісі балаларын қалай тәрбиелейтіндігін айтып кеттік. Жалпы, Ресей патшасы құлдығындағы халықтар, яғни қазақ халқының мәдениеті, тұрмыс халдері өте нашар болатын. Ол кездерде қазақ халқының оқу-білім алу деген санасына әлі кіріп енбеген еді.
Жанқожа 16 жасқа дейін ата-анасының шаруашылықтарына жәрдемдеседі. Бұл кездегі шаруашылықтың басым жағы – мал шаруашылығы. Қазақтар, әрқайсысы әр жақта көшпенді, бір жерге орнықпаған кезі еді.
Жанқожа жасынан әр нәрсеге үйір болады. Ең алдымен жүйрік атқа «Ер қарусыз болмайды» дегендей найза, қылыш, бес қаруға ие болады. Әкесі Нұрымбет Түрікпен елінен алдырған «Көк ешкі» деген биеден сол анасынан айнымайтын құлын туады. Оның да атын «Көк ешкі» деп атайды. Міне, осы құлынды Жанқожа жақсы тәрбиелеп, өсіре бастайды. Құлынды күнбе-күн сылап-сипап, оған керекті құнарлы шөптерді жұлып әкеліп беретін болған.
Сөйтіп, құлынды үйретіп, өз ізіне ертіп қалдырмайтынға әдеттендірген. Сол маңайындағы халықтар, елдер Жанқожаның бұл ісіне өте мерейленіп, сүйсінеді. Бұл құлынды тәрбиелеп, өзінің тілін түсінетін ат қылып шығарады.
ІІ. Тентек бала атануы
Жанқожа он алты жасқа толғанда 1783 жылы Ақирек ұлтанындағы «Айқайкөлде» үлкен жер бөліс болады. Жер бөліске екі аталықтан ақсақалдар қатысады. Мысалы, Әйдер (Айдарбек) руынан Тайым деген батыр, Есеналы (Жанқожа жақтан) жағынан шаруа маман – Қалмахан деген. Бұл кезде хандық дәуірдің басым кезі, Тайымның хан жағынан байланысы бар болғандықтан, Есеналы руларына әлімжеттік етіп, жердің судан тапшы, қолайсыз жерлерін береді. Оған көнбегендерді таяқтап сабап жібереді. Тайымнан таяқ жеген шаруалар шағыну үшін Нұрымбетке келеді. Мұң-мұқтаждарын, көрген қорлықтарын Нұрымбетке айтып жатқанда ешкімге айтпастан, білдірместен Жанқожа астына баяғы өсірген «Көк ешкі» тайын мініп, тақымына кішкене айбалтасын қыстырып, ашу ішін кернеп салып отырып, жердің жақсы шұрайлысын алған Тайымға келеді.
Келе зәрлі, ащы дауыспен: «Әй, Тайым, кімді басынасың, кімді қорлайсың, неге жердің жақсысын өзің аласың да және адамдарымызды сабайсың? Жерді неге тең бөлмейсің? – деп айқай салады. Бұған қанасына келіп, жер базарын қыздырып қамшы таяғы батып тұрған Тайым ешқандай жауап қайтармайды. Тіпті, Жанқожаны менсінбейді, елемейді. Ішін ашу кернеп келген Жанқожа қорықпастан, тайсалмастан жиналған жер басындағы көпшіліктің алдында аттың үстінде тұрған Тайымды тақымындағы балтамен тізесінен келіп қояды. Балта тигесін Тайым аттан аударылып жығылып қалады. Бұған халықтардың бәрі таңданады. «Апырмай, мына жас баланың жүрегінің таудайын-ай! Тіпті, айбынатын емес қой! Жүрегінің түгі бар шығар», – дегендер де болды. Жанқожа жерді (бөліске түскен) тепе-тең, өзі жағы Есеналыларға да, Айдарбек жағына да бөліп береді. Осыдан бастап жұрттың бәрі Жанқожаны «тентек бала» деп атап кетеді. Жанқожа келе жатса, «Нұрымбеттің тентек баласы келе жатыр» дейтін болды. Мұнан былай Жанқожада ешқандай балалық пішін болмайды.
ІІІ. Батыр атануы
Жанқожа он жеті жасқа шықты. Балалық мінездерінің бәрі қалды, өзінің парасат-ақылымен дүниені таныды, сана-сезімі көтерілді, тап-тартысының қайдан шығатынына көзі жетті. Сол кездердегі хандардың әділетсіз екендігін жақсы түсінді.
Жанқожа осы кезден бастап, құралсыз жұмыс істелмейтіндігін анық білді. Сондықтан, бес қару – жау-жарақ, құралдарын жабдықтап алды. Төңірек, аймаққа көз салды. Сонымен қатар, өзіне нөкер ерту үшін, халық арасынан өзінің замандас құрбыларынан адамдар жинайды. Сол уақытта қазақ халқына Қылышбай деген хан болады. Елге орынсыз салықтар салып отырған. Қылышбай хан бір жағынан хан болса, екінші жағынан батыр, қарсысына ешкім келмеген. Қылышбайдың озбырлық ісіне шыдамай бір күні Жанқожа Қылышбай тіккен алтын ордаға барады.
Қылышбай ханға Жанқожа: «Елдің тұрмысын күйзелтіп, озбырлық неге жасайсың?» деп балталап, Қылышбайды жарақаттандырады. Сонда Қылышбай ханның тума-туысқандары Жанқожаны сабауға ыңғайланғанда Қылышбай хан былай депті: «Қарағымның талабын кейін қайтармашы, жігерін жасытпашы. Бүгін маған тиген балтасы, ертең менің дұшпаныма тиеді» дейді. Бұл сөзі – Қылышбайдың Жанқожадан бірінші жағынан қорқып айтса, екінші жағынан жаңа өсіп келе жатқан Жанқожаға өте сүйсініп айтқаны.
Жанқожа Қылышбайды хандықтан түсіріп, ханның дүние, мал-мүлкін елге таратып берді. Міне, Жанқожаны осыдан бастап халық «батыр» деп атайды.
ІV. Тықы батырды жеңуі
Жанқожа он сегізге келгенде, сол мезгілде 1792 жылы қазақ халқын, Жаңадария бойындағы қарақалпақ Тықы деген хан билейді. Тықы – қазақтарды еріксіз түрде, еңбегін қанап және алым-салық алып, істемегені болмайды. Осыған қарсы Жанқожа нөкер, қол жинап алған. Кіші жүзден 5 мыңға жуық батыр-ер жиналып, күздің күні Жаңадария бойындағы Тықы ханға аттанады. Тықы мен Жанқожа жеті күн ұрысып, сегізінші күні алады.
Тықы найзагер батыр болған. Тықыға жекпе-жекке Ғаббаз деген Кіші жүздің 63 жастағы бір ері жекеге шығады. Ол екеуі найзаласып жатқанда (Жанқожа онда он сегіз жаста екен), «Ұрыста тұрыс жоқ» деп Тықының басынан балтамен шауып, қақ жарып тастайды. Міне, осыдан кейін Тықы хандығын жойып, қазақ халқына теңдік әперіп, азаттық жолын ашады. Бұл соғысқа шектінің Бекбауыл және төртқара Құлтас батыры қатысады.
Ескерту: Тықыны шабудың басты себебі – Сыр бойында отырған Жылқыайдардың ауылын Тықының жасауылдары шауып қайтады. Және елді талан-таражға салып, бүліншілікке ұшыратады. Сондықтан Жанқожа қанын алып қайтады. Алған олжаларды ауыл, елдерге бөліп береді. Көп жылдар бойы тыныштық болады.
V. Жанқожаның
қырға кетуі
Жанқожа Тықы хандығын құлатқаннан кейін көп уақыт Арқада, Ырғыз бойында мекен етеді. Оған мынадай жағдайлар себеп болады:
Хиуа, Бұхар хандығынан Сыр бойына Бабажан деген сарт хан болады. Хандық жарлығын қазақ халқына орындатып отырады. Оған Жанқожа көнбейді. Сыр бойындағы нөкерлері – жолдастарының көпшілігі хан жағына шығып кетеді де Жанқожаға айтады: «Біз ханға керек дегеннің бәрін берейік және бағынайық» дейді. Бұл сөзге Жанқожа өкпелеп: «Мен Қырға, Арқаға барып, батыр нөкер жинап әкелейін», – деп ағайын-тумаларына риза еместігін білдіріп, көшіп кетеді.
VІ. Жанқожаның ағасы – Ақмырзаның қазасы
Жанқожа көптеген уақыт өмірін Қырдың Сарыарқасында өткізеді. Сол жақта шаруашылық кәсібінде болады, сонымен қатар Қырдан бірнеше қол жинап та алады.
Жанқожа Қырда – Арқада жүргенде Сыр бойындағы қазақ халқына Бабажан сарттың істемеген зорлығы болмаған. Мынадай жарлықтар шығарған:
«Елде сұлу, жүйрік ат, төрт аяғы тең жорға, бір туған нар, қамқа кілем, қамқа тон болса, барлығы ханға берілсін!» деген. Хан жасауылдары осылардың барлығын жинап алатын болған. Мұнымен қатар елге қырқылмаған жорға тоқтыдан салық салған, бөрікпен ұрғанда жығылмаған қыздарды зорлауға, қасына жатқызуға жарлық берген. Міне, Бабажанның бұл қысымына Жанқожаның туған ағасы Ақмырза қарсылық етеді, түскен салықтарын төлемейді. Ел арасында Бабажанға қарсы тартыс күшейеді. Бабажан 500 адам шығарып, бастығы түрікпен Айымбетті қарсылық еткен Ақмырзаны өлтіруге жібертеді.
Түрікпен Айымбет батыр Ақмырзаның ауылына келеді. Айымбет келіп Ақмырзаға: «Сен неге ханның жарлығын орындамайсың, түскен салықты төлемейсің!» – деп ақырады. Ақмырза онан қорықпады. «Ханның орынсыз салығы мен озбырлығына көнбеймін, қырқылмаған жорға қара тоқтым жоқ, хан қасына салатын қызым тағы да жоқ», – дейді.
Ақмырза бұл сөзді айтқаннан кейін Айымбет Ақмырзаны өлтіру үшін, ізіне ерген нөкеріне әмір береді: «Ақмырзаны ұстап, қол-аяғын байла!» деп. Ақмырза оңайлықпен қол-аяғын байлатпайды. Айымбетпен соғыса бастайды. Әрине, Ақмырзаның ерген нөкері аз, сонда да болса Айымбеттің он екі адамын өлтіреді. Ақмырзаны Айымбет азаптап өлтіру үшін мойнына арқан тағып, Сырдария суына алып жүреді. Сонымен қатар, Ақмырзаның тума-туысқан ағайындарынан жетпіс адамды айдап, осы күнгі Қазалының күнбатыс беткейінде Аташ қайығының аузына әкеліп, су жағасына Ақмырза мен жетпіс бір етіп, суға ату үшін көгендеп қояды.
Ең алдымен Ақмырзаның екі аяғына екі диірмен тасты байлап, Бабажанның әмірі бойынша Айымбет Ақмырзаны суға салады.
Ақмырза өлімнен қорықпады. Суға түсіп бара жатқанда Айымбеттің екі нөкерін суға ала түседі, суға батпай сүт пісірімдей уақыт жүреді. Ақмырза сонда Айымбетке айтады: «Әй, Айымбет, Жанқожа інім сау болса, менің қаным алынар» дейді де суға батып, қайтпас сапарға аттанады.
Қалған жетпіс адамды да кезекпен суға ата бастайды. Жетінші кезек Жанқожаның немере інісі Көлбайға келеді. Көлбай сөзшең-тілгер адам екен. Суға тастайын деп жатқанда Көлбай Айымбетке: «Арызым бар» дейді. «Бәрімізді суға атқандай біздің жазығымыз не, қарсылық қылған Ақмырза су түбіне кетті, енді біздер ханның жарлығын орындаймыз, бізге азаттық ет», – дейді. Көлбайдың арызы бойынша, көгенделген адамдарды босатады, Бабажан қандай жарлығы болмасын орындата береді.
VІІ. Жанқожаның Айымбетті өлтіруі
Жанқожа Қырдан (Ырғыз бойынан) бірнеше нөкер, батыр ертіп (өзімен он тоғыз адам) Сырға аттанады. Бұлардың ішінде Құрманай руынан Айдарқұл батыр, Құлтас Жақып батыр, өз баласы Итжемес батыр бар, Қарасақал Дабыл батыр бар. Жанқожа әлі күнге дейін ағасы Ақмырзаның өлгенін білмейді. Келе жатқандағы мақсаты – Бабажан сарттың қаласын шабу.
Осы жол бойында он үш күн жүреді. Ендігі сөзді Бабажаннан бастайық. Бабажан үш жүз сартпен бастығына Айымбет батырын сайлап, Жанқожаның келер жолына осы күнгі Арал қаласының күншығыс бетіндегі Жақсықылыш тауының Арқа бетіндегі «Жыңғылды ойға» жүз ақ боз үй тіккізіп, сонда Айымбет нөкерімен жата береді. Елдегі сұлу қыздың бәрін, әдемі кілемнің, жақсы ат, бір туған нардың бәрін жинатып алады. Нөкер басына екі қыздан, үй басына қазақтардан үш жалдама адам алады. Күн-түні ойын-сауық құрып, ылғи сарт жата береді.
Ішінде Бекбауыл батыр бар (Жанқожаның тумасы) Жанқожа төрт күнде қасындағы нөкерімен бір кемпірдің үйінен ыстық ас ішу үшін кідіріс жасайды. Бұлар үйге түскеннен кейін кемпір сүт қатып тары көже асады. Кемпір Жанқожаны танымайды. Көжесін шөмішпен сапырып жатып, «ойбай, Ақмырза зауалсыз кетті ғой» деп еңкілдеп жылайды. Сонда барып, Жанқожа ағасының өлгенін естиді. Бауыр деген қиын ғой. Жанқожаның түсі қашып шекпенін жамылып үйден шығып, қыр астында бір бұтаның түбіне барып отырады. Асылған көже пісті, табаққа құйылып, қонаққа дастархан жайылады. Әлі келетін Жанқожа жоқ.
Жанқожасыз ешкім тамақ ішпейді. «Бұл Жәкең неғып қалды, кідірісі көбейіп кетті ғой, көкеңді шақырып кел» деп отырған көпшілік баласы Итжеместі жұмсайды. Итжемес далаға шықса, баяғы орнында әлі отыр. Қасына барып «Ау, көке! Кідіріп қалдың ғой, нөкерлерің асығып отыр, ас пісіп тұр», – дейді. Сонда Жанқожа «Апырмай, көп отырып кеттім бе?» – дейді де орнынан тұрып, үйге қарай беттей түседі, отырған жерінде Жанқожаның ішінен қойдың бауыздау қанындай кесек-кесек қан түседі. Жанқожа көрмесін деп Итжемес құммен көміп тастайды.
Бұлар ас ішіп болды да, атқа мініп, жолға түсті. Алдарынан хабаршы шығады. Ақмырзаның өлгендігі мен Бабажан сарттың қазаққа көрсеткен зорлық-зомбылықтарымен және Бабажан батыры Айымбеттің «Жыңғылды ойда» жатқандығын, әрбір сартта екі сұлу қыздан бар екенін айтады. Сонымен бұлар он бес күнде Айымбет батырдың жатқан жері Жыңғылды ойдың үстінен күн көтеріле бергенде құлайды. Ауылдың сарт беті алдынан екі шақырымдай жерден, Жанқожа ішін ашу кернеген ащы дауыспен Айымбетке: «Жеке, Батыр, жеке!» деп айқайды салады.
Бұл кезде Айымбет нөкерлерімен ертеңгі асқа отырған еді. «Бұл не айқай?» деп Жанқожаның тума немере құрдасы Бекбауылдан сұрайды. Бекбауыл сонда «Оһ, көк қабан келген екен ғой» дейді. «Көк қабан» деген сөзі Жанқожа мен жасы құрдас болғандықтан, сүйіп қойған аты көрінеді.
Жанқожаның таң-азандағы дауысы, отырған адамның барлығын тітіретеді. Айымбет те ер көрінеді, қасқа арғымағын мініп, Жанқожаға қарсы жүре береді. Кенеттен екеуі кездеседі. Жанқожа найзамен шаншып тастап, аттан аударып тастайды да, үстіне мініп алып бауыздап: «Ақмырза ағама тие берсін!» деп қанын ішеді.
Жанқожа Айымбеттің қанын ішіп жатқанда, қасындағы он сегіз көкжал ауылға шабады. Ылғи сұлу қызды құшақтап жатқан Айымбеттің нөкер сарттарын қыра бастайды. Бұл соғыста Жанқожаның баласы Итжемес он сегіз сартты өлтіреді. Сөйтіп бұларды бағындырып алады. Тұтқында ұсталып отырған қыз-келіншектерге бостаншылық етеді. Дүние, мал-мүліктерін шашау шығармай иелеріне қайтарыс жасайды. Сөйтіп, «Жыңғылды ойдағы» Айымбеттің жинаған қолын қырып, быт-шытын шығарып, Айымбетті өлтіріп, ісіне сәтін келтіріп, Жанқожа қасындағы он сегіз көкжалмен Сыр бойына қарай ат маңдайын қояды.
VІІІ. Райымдағы соғыс
Жанқожа Айымбетті өлтіріп, оның сән-салтанатқа тіккен үш жүз үйін олжалап, қазақ халқының қыз-келіншектеріне бостаншылық еткеннен кейін, Бабажан сарттың қаласын шабуға, Арал теңізінің шығыс бетімен Сыр бойына аттанады. Бұл кездерде осы күнгі «Қамыстыбас» станциясының батысындағы Райым тауына Бабажан хан қала салдырған болатын. Жанқожа жолшыбай Райымға соғады. Бабажан Райым тауына әскер-қол төккен еді. Бұл маңдағы қазақтар Бабажанның барлық жарлықтарын орындап отырған. Ханға қарсылық етуге ешкімнің құқы болмаған.
Жанқожа келе жатып, жолдастарына айтады: «Иә, ерлерім сыналар күндерің болды. Мақсат сол – Райымдағы Бабажанның салған қаласын шабу керек, аянбай қимылдаңдар, жігіттерім!» – дейді.
Күн сәскеге келгенде Райымдағы Бабажанның қаласын көреді. Осы жерге Жанқожа ат-тұрманын түзеп, қаруларын сайлап алады. Сөйтіп ат қояды қалаға. Дайындалып тұрған Бабажанның әскер, нөкерлері, Жанқожаға қарай мылтықты қардай жаудырады. Жауға кірер жерде Жанқожа нөкерлеріне ұрандап, рух беріп былай дейді:
«Ардақты туған ерлерім –
Жаулы жерге келгенде,
Жалғызбын деп жасқанба.
Ер қаруы – бес қару,
Шаба алмай жүрме сасқанда.
Ажалың болса өлерсің,
Жаудан қорқып қашқанда.
Аманат жанын алады,
Жеті қат жердің астында,
Тас бүркеніп жатсаң да.
Жақындадық қалаға,
Сайлап ал қару-жарақты,
Жігіттерім, шапшаңда.
Көптеп қорқып, қорынып
Бір-біріңді тастама!» –
дегендей қасындағы ерген жігіттеріне рух беріп, шаттандырады, жігерлерін тасытады.
Соғыс тоғыз күнге созылады. Оныншы күні Бабажан салған қаладан әскерлерді Жанқожа айдап шығады. Қаланы бұзады, қасындағы он сегіз жолдасының тоғызы жаралы болады. Бабажанның Райымдағы жинаған мың жеті жүз нөкерінен алты жүздей адам аман құтылып, қаланы тастап, Жанкенттегі Бабажанға қашып кетеді. Жанкент деген қала осы күні Қазалының батыс бетінде 15 шақырым жерде, қала жойылып, орыны қалған. Бұл соғыста Қарасақал Дабыл батыр, Құлтас Жақып батыр, өз баласы Итжемес батырлар елеулі-елеулі ерлік істер көрсетеді.
Сонымен Жанқожа Райымның қаласын алып, олжадан түскен мал-мүліктерді сол маңдағы халықтарға бөліп береді. Өзі ешнәрсе алмайды. Райымды босатып, Жанқожа өзінің туған жері Ақирекке келеді. Осында жатып, Кіші жүздегі Әлім, Шөмен балаларына хабар айтады «Бабажан ханға қарсы соғысамын» деп.
ІХ. Әлім-Шөмен батырларының жиналуы
Жанқожа батырдың Қырдан (Арқадан) келгендігін және ағасы Ақмырзаның қанын алып, Айымбетті өлтіргенін, Райым қаласын алғанын, сонымен қатар, «Бабажанға қарсы соғысамын» деген хабарын Кіші жүздегі барлық Әлім, Шөмен батырлары, не бары мың төрт жүз адам жиналып келеді. Бұлардың ішінде қаракесек руынан Ақтан, қарасақал руынан Дабыл батыр, құрманай руынан – Айдарқұл батыр, құлтас руынан – Жақып батыр, қаракесек Арынғазы батырлар бар. Кіші жүздің барлық батыр билері Ақирек тауының ұлтанында жиналады. Бұл мәслихатқа Жанқожа (халыққа) шығып сөйлеп, былай дейді:
Жиналып келдің, елдерім,
Атақты өңкей ерлерім.
Үзеңгілес жолдастар,
Қатар-құрбы теңдерім.
Бабажан сарт хан болып,
Биледі қазақ елдерін.
Салық салып шөп ауыз,
Қоныс қылды мекендеп,
Қазақтың мынау жерлерін.
Озбырлығын есітіп,
Бабажан сынды ханыңа,
Соғысуға келгенім.
Халық үшін намысқа,
Қазам жетсе, өлгенім.
Шыдай алмай қорлыққа,
Жете алмай жолда шөлдедім.
Жолым болса деймін мен
Бұл сапарда еңбегім.
Біршілік болса, ай, ерлер,
Оңай сартты жеңбегім.
Наказ алып патшадан,
Бабажан салды салықты.
Бүлдірді қойдай шулатып,
Тыныш жатқан халықты.
Бұл азаппен жүргенде
Көрерміз қалай жарықты?
Басқарудың кемінен
Ыдырап қазақ азықты.
Көшпенді болып әр жерде,
Жол таба алмай тарықты.
Бабажанды өлтірсек,
Болмаспыз сірә, жазықты.
Хандығын жойып патшаның,
Өзгертейік қалыпты.
Игілікті іс болсын,
Қалғандай атақ тарихты, – дейді.
Сонда жиналған адамдардың ішінен Кіші жүз билері шығып сөйлеп: «Жанқожа батырдың бұл айтып отырғаны өте орынды, ар-намысымыз үшін Бабажанға қарсы соғысты жүргізейік» дейді. Жәкеңнің сөзі және билердің сөзінен бүкіл халық рухтанып, «Бабажанға соғысуға дайынбыз» деп шулап қоя береді.
Міне, мұнан кейін, Әлім, Шөмен ерлері, бастығы Жанқожа Нұрымбетұлы болып, Жанкент хандығын басқарып отырған Бабажан сарттың қаласын бұзып шабуға тегісінен мың төрт жүз адам аттанды, бұл 1833 жыл еді, осы кезде Жанқожа елу тоғыз жаста еді.
Х. Батырдың
Бабажанмен соғысы
Ресей патшасының кезінде Сыр бойында Қазалының күнбатыс беткейінде Жанкент қаласында Бабажан сарт хандық құрады. Міне, осыған қарсы Жанқожа мың төрт жүз адам қол ертіп, соғыс ашады. Бұл соғыс он төрт күнге созылады. Оның себебі, Бабажан қаланың сыртынан ор қаздырып және сексеуілден қоз, шоқ жайып, жақындаған адамға шоқ, от лақтырып жолатпаған. Ол кезде күшті қарудың ең үлкен түрі – білтелі мылтық, айбалта, қарағай сапты найза, қылыш болған.
Төртінші күні «құдіретті» күшті дауыл, жаңбыр болып, Бабажанның қоз, шоқ оттары сөніп қалғасын Жанқожа бастаған қол қорғанға кіріп, қаланы бұзады. Жоғары айтқан «құдіретті желді» дауыл жаңбырды «Ақтан батырдың дауылы» деп те атайды.
Соғыста қырғын көп болады. Ат бауырынан қан кешіледі. Бұнда, Бабажан қаласын бұзған Жанқожа болғандықтан, «Жанқожалап» ұрандайды. Ұранды шақыратын – Ақтан батыр. Соғыс нәтижесінде Жанқожа Бабажанды жеңіп, қаласын бұзады. Оны ұстап алып, қазаққа істеген қорлығы үшін аяусыз жазалайды. Қашан өлгенінше «қыйзың-қыйзың» деумен кетеді.
Бабажан хан болып тұрғанда, қазаққа көрсетпеген қорлығы қалмаған. Бір сөзбен айтқанда, Жанқожа батыр Бабажан хандығын жойып, Сыр бойындағы қазақ халқын бостандыққа шығарып, зорлық-зомбылық, хандық құлдығынан құтқарды. Жанқожа батырдың Бабажанды алғандығы Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз халықтарына тегіс жайылады.
ХІ. Жанқожаның Созақты алуы
Жанқожа батыр Сыр бойындағы хандықты жойып, халықты бостаншылыққа бастады, қазақ бұрынғыдай алым-салық төлемейтін болды. Жанқожаға халық қатты сенді. Оның маңына бұрынғыдан да әрі топтана түсті. Соғыста тәжірибе алған Жанқожа қару-жарақты түзетті. Қол-нөкерлердің санын арттырды, жан-жаққа көз салды. Сол кезде Түркістан тұсындағы, Созақ қаласында Мадраим деген хан болған. Ол да қазақ халқына сондай зұлымдық, зорлық-зомбылық істеген. Жанқожа батыр Созақты шабу үшін, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің елдеріне Кенесары-Наурызбайға, Көтібар, Есетке, т.б. батырларға хабар береді.
Бабажан ханның жойылғандығын, өлгенін естіген Созақ ханы Мадраим қол, нөкер жинап, Жанқожаға соғыс ашу үшін дайындық жұмысын жүргізе береді. Бірақ, Орта жүз, Ұлы жүз, Кіші жүз елдері Созаққа соғыс ашады дегенді естиді де, бекініс жасап жата береді.
Сонымен үш жүздің батырлары Созаққа көп қолмен аттаныс жасайды. Жанқожа батыр небәрі екі мың адам болып бұлар да аттанады. Жанқожадан басқа халық аузында жүрген атақты ерлер – Дабыл, Айдарқұл, Жақып, Бекбауыл, Ақтан, Сартай, Балпан, Итжемес, т.б. батырлар да болады.
Жанқожадан бұрын Созақты алу үшін Ұлы жүз, Орта жүздің батырлары бір ай бұрын қамап, ала алмай жатады.
Созақ соғысында Үш жүздің батырлары бас қосады. Жыраулардан Жанқожаның жырауы – Төремұрат, Кенесары ханның жырауы Доғалақ та болады.
Әуелгі кезек Ұлы жүзге беріледі. Он жеті соғыс жасап ала алмайды. Екінші кезек Орта жүз батырларына беріледі. Он бес күн соғысып, бұлар да ала алмайды. Үшінші кезекті Кіші жүздің батырлары Жанқожа Нұрымбетұлына береді.
Сонда Жанқожа батырдың жырауы – жасы жиырмадағы Төремұрат қолына домбырасын алып, Кіші жүздің батырларына былай дейді.
Ұлы жүздің ерлері,
Орта жүздің ерлері
Шапты Созақ қамалға.
Қаласын бұзып, быт-шыт қып,
Саламыз деп табанға.
Бақыттаспыз, тілектес,
Бұзылсын деп – қамалға.
Күш-қайрат етіп шапса да,
Бұза алмады қамалды,
Келмегесін амалға.
Үшінші кезек берілді,
Қамданыңдар ерлерім,
Болмай ұқсап шабанға.
Намыс үшін, ар үшін,
Қамалды бұзып шығуға.
Қылыштай болып жалаңда.
Бұза алмаған – Созақты,
Олар ер ме, – адам ба?
Бұзып шықсаң қамалды,
Тарихта ат қалады,
Болашақтағы адамға.
Үшінші рет сынамақ,
Кіші жүздің ерлерін.
Осы сапар шығады,
Қиналып ащы терлерің.
Ұмтыл бәрің қамалға.
Қабырғасын қиратып,
Қорғанның бұзып белдерін.
Ұйымдасып, бірігіп,
Күшті жұмса, беклерім!
Тұрсыңдар ма біліп сіз
Кезекті мынау бергенін,
– дей бергенде Жанқожа «Көк ешкі» атпен қасында Ақтан батыр ту ұстап: «Ал, жігіттер, ұмтылыңдар алға!» деп Кіші жүздің ерлеріне ұран ашып, ілгері қарай шаба жөнеледі.
Сол мезгілде Кіші жүздің батырлары қаланың қорғанын бұзу үшін барлығы да ат қояды, «Жанқожа!» деген ұран жерді жарып, аспанды жаңғыртқандай болады.
Екі күн өтіп, үшінші күні сәскеде Жанқожа қақпаның топсасын қиып, ішке кіреді. Артынша Ұлы жүз, Орта жүз батырлары да келіп соғысады.
Сонымен Жанқожа Созақты алып қайтады. Соғыстан кейін қаракесек Ақтан, Арынғазы батырмен құшақтасып дос болады. Түскен олжаны халыққа бөліп береді. Бұл соғыс 1838 жылы болып, халықты азат етеді.
ХІІ. Жанқожаның Қазалы үшін
патша әскерімен соғысы
Жанқожа Созақты алып қайтқаннан кейін Сыр бойына келіп Бекмырза дегенді (Алтынбай руынан) хан қояды. Бірақ, елден салық алдырмайды, халықты өз бетінше қояды.
Созақты алғанда Жанқожаның даңқы бүкіл елге үш жүзге жайылады. Сонымен қатар Сыр бойындағы Бабажан хандығын және Созақ хандығын жойғанын естіп Николай патша Жанқожаға жеті рет бағалы сыйлықтар жібереді. Әдейі адамымен «бізге бағынасың» деп. Бірақ патшаның сыйлықтарын алмай, қайтарып жібереді. «Мен патшаға бағынбаймын, айта бар», – дейді.
Патша Сыр бойының ханы Бекмырзаны «Жанқожамен байланысы бар» деп у беріп өлтіртеді. Сонымен қатар қазақ халқынан алым-салықты көп алу жөнінде заң шығарады. Бірақ алым-салықты Жанқожа бергізбейді.
Николай патша әскер жинап, қол төгіп, осы күнгі Қазалыны салдыртпақшы болады. Бұған Жанқожа қарсы соғысуға нөкерлерін жинай бастайды.
Сонымен патшаға көтеріліс жасайды. «Қазалының қаласын салдырмаймын» деп жинаған екі жүз қолмен ұрысады. Жеті күн өтіп, сегізінші күнде патшаның әскерін қырып, қаладан айдап шыққан. Дегенмен, ортада жалғыз өзі қалады, атына оқ тиеді. Қаракесек Арынғазы батыр атының алдын беріп, мінгестіріп шығады, Арынғазының жауырынынан солдаттар найзалап жарақаттандырады.
Сөйтіп, тұрғанда ту ұстаған Асан руынан Аралбай деген патшадан пара алғандықтан, «жау алды» деп кейін қарай қашады. Сондықтан, Жанқожаның жинаған қолы қажыры қайтып, амалсыздан кейін шегініс табады.
Жанқожа дәл осы патшамен ұрыста сексен бес жасында еді.
ХІІІ. Жанқожаның
Бұхар тауына кетуі
Патша үкіметінің солдатынан таяқ жеген Жанқожа және түрткі көргендіктен Сыр бойына тұрақтай алмай, Бұхар тауына көшіп кетеді. Сонда бес-алты ай жүргеннен кейін қайтадан Сыр бойын беттей Қызылға қарай көше бастайды. Оған мынадай дәлелдер болады: Қасында Ақтан деген батыр бар. Бір ақ үйге келіп түседі. Бұлардың кім екенін үй иесі білмейді. Қонақ дәстүрінше бұларды сыйлап, құрмет етеді. Шай, тамақ істеп жатып бір орта бойлы әдеміше әйел тұрып: «Қонақтар, патша мен Жанқожа деген батыр ұрысып жатыр деп еді, біз Жанқожаның жеңгеніне тілектеспіз. Жанқожа үшін баламызды құрбандыққа айтып отырмыз», – дегенде, Жанқожа дайындалып жатқан тамаққа қарамай, үйден шығып атына мініп жүре беріпті. Келе жатып қасындағы Ақтанға: «Бір қорғасын бұйырмады» деп батыр налыпты. «Бір қорғасын бұйырмады» дегені патшамен ұрысқанда өлмедім дегені. Көп ұзамай Арал теңізінің күнбатыс беткейіндегі «Ұзынқайыр» деген жерге Қызылға көшіп келеді, сонда мекен етеді.
ХІV. Жанқожаның өлімі
Жанқожа жағынан Жұмабай деген батыр ертеректе ерегіспен Байқадам деген батырды өлтіреді.
Сонан Байқадамның кегін алу үшін үш жүз адам Жанқожаға аттанады. Жанқожаның жалғыз отырғанын (Қызылда) біледі. Күн сәске бола бергенде Жанқожаның ауылының үстінен құлайды. «Батыр-ай», – дейді бәйбішесі Базар. «Көп аттылы келе жатыр, айқайлап ұран салады. Жау ма әлде?» дейді. Жанқожа сонда: «Апырмай, маған жау болатындай мен қазақ не мұсылман баласына еш жазығым жоқ еді ғой», – дейді…
«Бәйбіше-ай, еткен еңбек еш болды, ақ жазуын көрерміз. Атты әкелші» – дейді Жанқожа. «Көк ешкі» атты екі қырдың астында бекітіп қойған еді, ұрандап келе жатқан әскер алдымен атты басып қалады.
«Ендеше, бәйбіше, сауытымды кигіз», – дейді. Бәйбішесі сауытты кигізеді. Жанқожа ашуланып, сауытына сыймай, сондықтан тамағындағы бір ілгегі жетпей салынбай қалады.
Сонымен жау басып қалады. Жанқожа жаяу болса да түс қайтқанша ұрысып, алдырмайды. Бірақ, осы жерде ағайындарға көп сөз айтады. Өзінің барлық өмірін кім үшін сарп еткенін айтады.
Батырды баяғы ілгегі салынбаған жерден атады. Оқ өтіп кетеді, бірақ құламайды, сартша тізесін жүгініп отырады. Маңына күн батқанша ешкім бара алмайды, «Жанқожа тірі отыр» деп қорқады. Алыстан төрт найзаны жалғап түртіп көріп, өлгенін біліп, сонан соң үйіндегі бала-шағаларын шулатып алып қайтады. Бұл кезде Жолшы Жанқожаұлы он үш жаста екен. Көштің артынан Жауқашар, Итжемес қуып, көшті алып қайтады.
Міне, Жанқожа бұл кезде сексен алтыда екен, өліп кетеді.
ХV. Байқазақтың Жанқожаның
кегін алуы
Жанқожа өлгеннен кейін, оның қанын жоқтайтын Әлімде батыр қалмады. Сондықтан Төртқара руынан Байқазақ деген батыр аттанады. Барып Сауқымды және серіктері мен үш батырды өлтіреді.
Сауқымды өлтірейін деп жатқанда араға оның жақындары, тумалары түсіп, Байқазаққа айтады: «Сауқым ауылдың ортасындағы жалғызы еді, ауылымыз қаңырап қалады ғой, оның орнына мені өлтір» деп Сарман деген өтінеді. Сонда Байқазақ ашуланып: «Өзің де тірі болмайсың, Сауқым өліп, үш ауыл қаңырайтын болса, Жанқожа өлгенде алты Әлім қаңырап қалды!» деп, Сауқымды бауыздап, «Жанқожаға тие берсін!» деп, Сарманды да өлтіреді.
Сонымен Жанқожаның кегін Төртқара Байқазақ батыр алады.
ХVІ. Жанқожа өлгенде және онан кейін
Жанқожа өлгенде алты Әлімнің балаларынан, қала берді Кіші жүздіктердің қайғырмағаны, жыламағаны болмады. Жанқожаның бейіті сүйегі «Ұзынқайыр» деген промыселдің (Арал теңізінің батыс жағына) қасында Жаңадарияның аяғы – Қызылдың шегіне қойылады.
Жанқожа өлгесін патша үкіметі оның суретін нысана етіп, солдаттарына атқызатын болған. Кешегі совет үкіметі құрылғанға дейін Жанқожаның суретін Николай патшасы атқызып жататын Қазалыдағы адамдардың мұны барлығы біледі. Жанқожа өлгенінше патша үкіметіне бағынбастан, аяғында патша шабармандарының қолынан өліп кетеді.
Жанқожа өлсе де, оның қазақ халқы үшін еңбегі, даңқты есімі осы кезге дейін аталып келеді.
ХVІІ. Жанқожаның
әдет-ғұрыптары
Жанқожа өмірінше дән баласын (бидай, арпа, тары, т.б.) жемейді. Оның орнынан құмда «құмаршақ» деген дақылмен және құмның жуа, көсік, илан, кәрегеней жеген. Бидай, арпа, тарыны жемеуінің мәнісі онда адамның еңбегі бар, оны жеуге болмайды дейді. Мұндағы мақсаты – өзінің еңбек етіп, еккен егіні болмағасын мойныма қарыз болады дегені. Жанқожа мал-мүлік, дүниеге қызықпаған адам болған.
Жанқожа төртбақ, орта бойлы, шарты келген ет бетті, ат жақты, қалың қабақ, айна көз, сұрғылт бет, қара сұр, ұзын сақалды кісі еді. Арқасында желкесінен құйрығына дейін жалы бар еді, – жауырыны қақпақтай үстіне түйе жүн шекпені (шекпен ішінен сауыт киіп, белдемше тағатын) басына қара далбай немесе тымақ киетін. Аяғына етік, беліне кісе буатын-ды. Садақ, найза, қылыш, семсері қайда жүрсін тұла бойынан қалмайтын.
Жанқожа өз заманында зор атақты – сыбызғышы, қобызшы болған, сонымен қатар сөзге тілгер, шешен болған. Тартқан сыбызғысы мен қобызының дауысы түстік жерге естілетін. Бес қару (найза, қылыш, қанжар) қобыз, сыбызғыны өзі істеп ала беретін шебер де болған.
Өз заманындағы қатар-құрбы, теңдес замандастары Жәкеңе келіп қобыз, сыбызғы тартқызатын болған. Осы кезге дейін – Жәкеңнің қартайған кезінде: қазақ халқының әрмен-бермен көшіп тұрақтамай, бастары ыдырап жүргеніне арнап қобызбен, сыбызғымен «Қайран елім қайтейін, қайран жерім қайтейін» деген күйі ауыл арасында тартылып жүр. Жанқожа үгітші, сөзі жалынды, халықты ұйымдастырушы болған, адамды тең көреді. Және қоғамшыл болған. Тапқан табысын ортаға салып жарлы-жақыбайларға бөліп беріп отырған.
Жанқожа омыраушыл-төрешіл екінші жағынан би де болып кетеді. Істі әділетті түрде шешетін болған.
Соғысқа шыққан уақытта да, былайынша айтқанда, ұйқысы өте-мөте жоқ болады. Екінші сөзбен айтқанда, қазақ әдетінше, «құс ұйқы» деп атайды. Құс ұйқының мәнісі – жүріп келе жатқанда немесе отырғанда да көзі екі-үш минут ілініп кетсе, ұйқысы қанып қалады. Міне, Жәкеңде осы пішін болатын.
Жанқожа еріншектікті сүймейтін, ылбырап-сылбырап жүретінді жек көретін. Әңгімені ашып, түсінікті, ашық дауыспен анық айтатын. Жанқожада өте батыл, қорқу, қаймығу, қапалану, уайымдау деген мінез болмаған. Қаптаған жауға араласқанда немесе жаудың қарасы көрінгенде өзіне біртүрлі күш-қайрат пайда болып, арқасы қызып, балқып жауға араласқанын білмей де қалатын.
Жанқожа сондай – қылышқа да, найзаға да жылдам өте ұсынықты адам, атқа сондай отырғыш, ат шауып келе жатқанда аттың о жағы мен бұ жағына аударылып отыра беретін-ді.
Жанқожа Арқаның сары даласында жүргенде Қырдың алтай-түлкісі мен ақ бөкен, киігіне алғыр бүркіт пен жүйрік құмай тазыны қосып, сейілдік құратын қызық дәуірді де сүрген. Бүркіт пен құмай тазының тілін жақсы білген.
Жанқожаның беделі
Жанқожа халық арасында беделді болады. Ол өлгеннен кейін де Сырдағы халық қатты құрметтеп, халық Жанқожаны әулие деп атаған. Жанқожа де деп атаудың орнына «Ер Жәкең» деп атайды. Осы күнге дейін арасында мынадай жағдайлар қолданып келеді. Мысалы, құн алатын немесе адам өлген жерде, даулы жерде «Жанқожаның жалғыз оғына» тұратын болған.
«Жанқожаның жалғыз оғы атсын» десе, денелері түршігеді. Оны Сыр бойының халықтары қатты сыйлайды. Ешкімнің тілі тимейді. Жанқожаның жолына деп құдай жолы істейтін болған.
Бір сөзбен айтқанда, Жанқожа қазақ халқының бостаншылығы үшін сексен алты жас өмірін өткізеді. Жанқожа 1774 жылы туып, 1860 жылы өмірден өтеді.
Жанқожаның ұрпақтары
Нұрымбетұлы Жанқожадан екі бала туады. Үлкені – Итжемес, сонан соңғысы – Жолшы батыр. Итжемес жетпіс жеті жасында өледі. Жолшы 1841 жылы туып, 1929 жылы сексен сегіз жасында Арал теңізінің күншығыс бетінде Қоңыр деген құдықтың қасында қайтыс болды. Жолшы батырдың сүйегі Арал ауданы, он тоғызыншы ауылға қарасты станция – Бекбауылдың қасында (күнбатыс беткейінде) «Қара дүзгенге» қойылды. Оған ескерткіш, мұнара, сағана салынған. Итжеместен екі бала туады: Айтуған, Ерғабыл деген. Айтуғаннан бес бала туады: Ақау, Күреген, Келім, Шынжырбай, Жалғасбай. Ақау 1910 жылы, Күреген 1916 жылы, Келім 1939 жылы, Шынжырбай 1934 жылы қайтыс болады. Жалғасбай қазірде тірі, Арал ауданы он тоғызыншы ауылда (Киров) колхозшы болып істейді. Келімнен екі бала туады: Қолаш, Әбубәкір. Қолаш – 1941 жылы армияда, Әбубәкір 1940 жылы өледі. Күрегеннен бір бала туады. Аты Қобылан қазірде ол Қазалы ауданы 3-ауылдық советіне қарасты Қаттыкөл орталау мектебінде оқытушы болып істейді.
Шынжырбайдан бір қыз туады. Аты – Күлжиһан. Ерғабылдан екі бала туады – Жақсылық, Елдеш. Елдештен бір қыз, Ерғабылдан екі бала Өмірбай, Өмірзақ туады. Бұл екеуі Қазалы станциясында тұрады.
Жанқожа халық үшін қала берді, қазақ халқының ұлт бостандығы үшін күрес жолында жан-тәнімен берілген халық батыры болса, онан туған бала Итжемес, Жолшы да ата жолын қуып Бұқар, Жанкент хандығына қарсы халықтық қозғалысқа қатынасады. Қазақта батыр деген сөз жалпылама атала бермейді. Тарихта өз Отаны үшін, өз халқы үшін дұшпанға қарсы күрес жүргізген үлгілі ерлік көрсеткен адамдарды «батыр» деп атаған.
Жанқожаұлы Итжемес ауыл және мал шаруашылығын кәсіп еткен. Негізгі мекені Қазалының күнбатыс арқа беткейіндегі Ақирек тауының алабы болады. Итжеместің әкесі Жанқожаның барлық мінездері және жұмыс үлгілері, ақылдылығы, сөз тапқырлығы айнымайтын еді. Ол ұзын бойлы, қапсағай, қызыл шырайлы әдемі кісі болған. Сақалы ұзын болғандықтан өріп қоятын-ды. Итжемес сондай мәдениетті адам болған. Аттың түр-түрін ұстаған. Аттың түрлеріне қарай соған сәйкес киім киген. Мысалы, ақбоз ат мінсе – ақ, қара ат мінсе – қара, қызыл ат мінсе, қызыл киім киетін болған. «Атадан бала туса игі еді, атаның жолын қуса игі еді» деген сияқты ол да әкесі Жанқожаның жолын қуады.
Итжемес сөзге шешен, тілмәр кісі, екінші жағынан қоғамшыл, халыққа бауырмал, орамды, ұсынақты болған. Халық арасында дау-шар болса, соларды әділетті түрде бітіріп отырған. Істі әділ шешкендіктен, халық оны Жанқожаның баласы деп те және былайша да қатты құрметтеген. Итжемес әкесі Жанқожамен бірге талай-талай өзекті, ірі соғыстарға қатынасады. Созақ соғысында, Райым, Қазалы маңындағы Жанкент соғысында елеулі-елеулі ерлік көрсетті. Бабажан сарттың он төрт батырын өлтіреді, соғыста екі рет жаралы болады. Әкесі Жанқожадан үлгі алып, өз бетінше қол ертіп қарсылық еткен жауына аттанатын болған. Жиырма екі жасында қасына тума ағасы Жауқашарды, Құрманай Айдарқұл батырды барлығы он адамды ертіп барып Ақмешіттен Жанқожаның бодауына деп 300 қызыл бас нарды алып қайтты. Алып келгенін жарлы-жақыбайларға тегісінен бөліп беріп, малды етеді.
Жолшы Жанқожаұлы да әртүрлі жорықтарға қатынасады. Ол 1841 жылы туып, 1929 жылы дүние салды.