Мас әйел сүйіктісін өлтірген

1 503

Фото: amic.ruПавлодар қаласында тұрмыстық жанжал кезінде бірге тұрған ер адамды пышақтап өлтірген әйел 8 жылға сотталды,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Бұл оқиғаны Павлодар қаласының ПБ аға тергеушісі Бибарыс Құсайынов тергеп, аяқтаған.

«Көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі пәтерде болған адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергедім. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Анықталғандай, сол күні бірге тұратын ер мен әйел спирттік ішімдік ішіп отырған, олардың арасында жанжал туындаған. Ұрыс барысында әйел ер адамның қолындағы пышақты жұлып алып, кеуде тұсынан бір рет сұққан. Алған жарақат салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды. Кейін әйел марқұмның анасына қоңырау шалып, болған жағдайды хабарлаған», – дейді ол.

Оқиға орнын тексеру барысында бірге тұратын азаматтардың спирттік ішімдікті жиі тұтынғаны анықталған. Бұған бос бөтелкелер мен қоқыстың көп болуы дәлел болған. Көршілері мен таныстары олардың арасында алкоголь қолдану салдарынан жиі жанжалдар болатынын айтқан.

«Оқиға орнынан заттай дәлелдемелер тәркіленді. Күдікті сол күні уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Тергеу барысында күдіктінің әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен, яғни басқа адамға қасақана заңсыз өлім келтіру – адам өлтіру ретінде сараланды. Объективті тергеу жүргізіліп, қылмыстық іс 26 сағат ішінде аяқталып, айыптау актісімен сотқа жолданды», – деп атап өтті Бибарыс Құсайынов.