Қазалыда сұрқы қашқан үйді бір отбасы паналауда

5 029

Фото: Видеодан скринӘлеуметтік желіде Қызылорда облысының Қазалы ауданында бір отбасының қабырғасы қаусап, сұрқы қашқан үйде тұрып жатқаны туралы бейнежазба қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бейнежазбада үйде адам тұру үшін ешқандай қолайлы жағдай жоқтығын байқалады. Бірнеше жылдан бері жөндеу жүргізілмегені көрініп-ақ тұр. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тұрмыстың тауқыметін тартып отырған отбасыға қандай қолдау көрсетілетіні түсініктеме берді:


"Әлеуметтік желілердегі парақшамды өзім жүргіземін. Тұрғындар тарапынан келіп түскен сұрақтарға мүмкіндігінше жауап беруге тырысамын. Маған бұл отбасының қиын жағдайда қалғаны жөнінде Instagram арқылы тұрғындардың бірі жазды. Дереу орынбасарымды шақырып, кент әкімімен бірге барып, мәселені зерттеуді, қандай көмек керек екенін білуді тапсырдым. Апамыз бен бауырымыздың денсаулығына қатысты қорытындыны медициналық мекеме береді. Ал біз үйін жөндеп береміз. Ішін әктеп-сырлап, пластик терезе салдырып, еденін алдырып, бетон құйып, линолеум төсеп, қалыпқа келтіріп береміз. Бұл кісілер — негізі Қазалының тұрғындары. Бірақ мекен-жайы Төретам кентінде тіркелген. Мамандар тиісті медициналық қызмет көрсету үшін Қазалы ауданына ауыстыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қайткен күнде де қайырымды болып, оларды далада қалдырмауымыз керек.", — деді әкім.

Алайда үй иелері уақытша баспана мен медициналық көмектен бас тартқан. Сонда да кейуана мен ұлына жергілікті әкімдік қолдан келгенше көмектесуде.