Су оралып, Арал қайта өмірге келді!

1 505

Фото: Видеодан скриншотСолтүстік Аралға су қайта құйылып жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазір Ақлақ су торабынан секундына 50 текше метр су келген. Жыл соңына дейін қорғаныс бөгеті нығайтылып, теңізді сақтау жобасының жаңа кезеңі басталмақ.

Қазір теңіз деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Жергілікті тұрғын Әзімбай Жолмырзаевтың айтуынша, су тұздылығы өзгеріп, балықтың тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптаса бастаған.

Қаратерең ауылының тұрғыны су келуі тұрақты жалғасса, балық шаруашылығы жандана түсетініне сенімді. 

"200-ге жуық отбасы тұратын ауыл халқының әл-ауқаты теңізге тікелей тәуелді", – деді Бөген ауылының тұрғыны Төрехан Ділжанов.

Мамандардың мәліметінше, Кіші Аралда жыл сайын 8 мың тоннаға дейін балық ауланады. Көрсеткіш теңізді сақтау бағытындағы көпжылдық жұмыстың нәтижесі. 2022 жылы Көкарал бөгетін қайта жаңғырту басталған. Жөндеу аяқталған соң теңізге суды тұрақты жеткізу мүмкіндігі артады.

"Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің кездесуінде Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның су ресурстары министрлері қол қойған келісімнің пайдасы зор болды. Сол кезде келетін су көлемін мемлекеттер арасында тең бөлу туралы шешім қабылданған. Қазір біз өзімізге тиесілі лимитті толық пайдаланып отырмыз", – деді "Қызылорда сушар" өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов.