Ер адамды сүйіктісі теледидар пультімен сабап өлтірген
Петропавлда полицейлер бірге тұратын әйелі теледидар пультімен сабап өлтірген 52 жастағы жергілікті тұрғынның өліміне қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға жетінші ақпанда болған. Алдын-ала нұсқаға сәйкес, ішімдікке тойып алған жұп өзара жанжалдасып, ер адам әйелдің жүрек тұсынан ұрған. Ол бұған шыдамай, қолына тиген теледидардан қашықтан басқару құралымен сүйіктісінің басынан ұрғылай берген.
Бұл көрініске олардың 35 жастағы досы куә болған. Болған оқиғадан кейін қонақ үй иесімен бірге арақ ішуді жалғастырған. Тек келесі күні ғана олар теледидар пультінен "таяқ жеген" адамға медициналық көмек қажет екенін түсінген. Ауруханада жәбірленушінің өмірі үшін ақ халаттылар он күн бойы күрескен. Бірақ олар оған көмектесе алмаған.
Зардап шеккен адамның миына ауыр жарақат келген.







