Қазақстандықтар Оман әуежайында түнеп, елге қайта алмай отыр

9

Фото:© Редакцияға жүгінген азаматтың жеке дерекқорынан200-ден аса қазақстандық екі күннен бері Омандағы әуежайда түнеп жүр. Олар ел билігінен көмек сұрап, тезірек елге эвакуациялауды сұрады,- депхабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

“Бәріміз Біріккен Араб әмірлігінде турист ретінде жүргенбіз. Соғыс басталған кезде елге ұшып кетуіміз керек еді. Алайда біздің рейс тоқтатылды. Кейін чаттарға хабарлама келіп, Қазақстанның Біріккен Араб әмірлігіндегі елшілігі елге қайтқысы келетін адамдардың тізімі жасалып жатқанын айтты. Дубайда жүргенде аспанда зымырандар ұшып, кей жерлерде жарылыс болғанын көрдік. Сондықтан адамдар бірден тізімге жазыла бастады”, – дейді ол.

Қазақстандықтың айтуынша, шамамен 400-ден аса адам автобусқа отырып, Оманға жеткізілген.

“Түнгі сағат 2:00-ден бастап автобус күттік. Таңғы 5:00-де белгіленген жерге 8 автобус келді. Әрқайсысына шамамен 45-50 адам отырды. Оманға дейін 9 сағат жүрдік. Әуежайға жеткен соң: “күтіңіздер, ұшақ келеді, тіркеу басталады, автобуспен келгендердің бәрі ұшаққа мінеді” деп айтқан еді. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше болды”, – дейді қазақстандық.

Оның айтуынша, елге бірінші рейспен қайтатындардың қатарына тізімде жоқ адамдар кіріп кеткен. Кейібірі елшілікпен келісіп, таныстары арқылы ұшаққа мініп кетті дейді. 

Фото:© Редакцияға жүгінген азаматтың жеке дерекқорынан

Қазақстандық таблодағы хабардан соң SCAT әуе компаниясына хабарласып, рейс бола ма сұраған. Алайда олар екінші ұшақ жіберу жоспарда жоқ екенін айтқан. 

“Әлеуметтік желіде бәрін эвакуациялап әкетті деген ақпарат тарап жатыр. Бірақ шын мәнінде Алматыға тек шамамен 290–315 адам ғана ұшып кетті. Ал қалғандары әлі де әуежайда отыр. Біз SCAT әуе компаниясына хабарласып, екінші ұшақ қашан келетінін сұрадық. SCAT өкілдері екінші ұшақ жіберу жоспарда жоқ екенін айтты. Тіпті елшілік неге бұлай айтып отырғанын өздері де түсінбейтінін жеткізді”, – дейді Қазақстан азаматы. 

“Flydubai ұшағы 28 ақпан, 1 наурыз аралығы ұша алмай қалған өз жолаушыларын алып кетті. Біз 1 наурыз ұшуымыз керек еді, алайда әлі осындамыз. Air Astana жолаушыларын алып кетуге асығар емес. Бізге мемлекет қонақүйден орын беріп, өздері төлеп береді деді. Алайда қонақүй бір ғана күн тегін болды. Қалған күндері адамдар өзі төлейді. Ол екі қонақүй. Бірі, әскери базаның жанында. Екіншісі, әуежай маңында. Сондықтан біз ол жерде тұра алмадық. Ол жерден көп жарылыстарды естіген соң, өзіміз қонақүй тауып, ақысын өзіміз төлеп жатырмыз”, – дейді қазақстандық.