Елімізде апаттық үйлер саны көбейді

1 515

Sputnik© / Меруерт АлимоваҚазақстанда апаттық жағдайдағы үйлер көбейіп барады,- деп хабарлайды  Opennews.kz ақпараттық агенттігі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстанда апаттық жағдайдағы тұрғын үй мәселесі өршіп тұр: өткен жылдың қорытындысы бойынша проблемалы үйлердің саны мен аумағы артып, азаматтардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасына қатысты тәуекелдер ұлғайған.

2025 жылы елімізде апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің саны 7%-ға артып, 2,6 мың бірлікке жеткен. Бұл ретте өсім қалалық жерлерде де (плюс 2,4%), ауылдық жерлерде де (плюс 11,5%) байқалған. Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің жалпы ауданы 3,2%-ға ұлғайып, 834 мың шаршы метрді құраған.

"Өткен жылы апаттық жағдайдағы үйлерде 50 мыңнан астам адам тұрды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5,7%-ға (немесе 2,7 мың адамға) көп", - деп жазды портал.

2025 жылы апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің саны бойынша Атырау облысы көш соңында қалған. Өңірде 705 апаттық тұрғын үй тіркелген, онда 13 мыңнан астам адам тұрады - бұл қауіпті жағдайда өмір сүруге мәжбүр тұрғындардың саны бойынша да ең жоғары көрсеткіш. Оның үстіне бір жыл ішінде өңірдегі мұндай үйлердің саны тағы 49 бірлікке артып, ел бойынша ең нашар динамиканың бірі ретінде тіркелген. Көш соңында екінші сатыда Ақмола облысы тұр: аймақта апаттық жағдайдағы үйлердің саны 270 объектіге жетті (бір жылда 5 бірлікке артты).

Апаттық жағдайдағы үйлер ең көп шоғырланған үшінші өңір - Батыс Қазақстан облысы: мұнда 262 үй апаттық жағдайда. Өңірде бұл көрсеткіш бойынша ең жоғары өсім байқалады: бір жыл ішінде апаттық жағдайдағы үйлердің саны 55 бірлікке артқан. Апаттық жағдайдағы үйлер саны ең көп аймақтардың қатарына сондай-ақ Астана (191 бірлік) және Абай облысы (172 бірлік) енген.

"Проблемалық үйлердің ең аз мөлшері Жамбыл (4 бірлік), Қостанай (8 бірлік) және Алматы (16 бірлік) облыстарында тіркелген. Дегенмен, бұл жерде "тіркелген" сөзіне назар аудару қажет: тұрғын үй қорының нақты жағдайы статистикалық деректерден өзгеше болуы мүмкін", - дейді мамандар.

2025 жылы еліміздің төрт өңірінде апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер санының азайғаны байқалған. Олардың қатарында Алматы (30 бірлікке азайған) және Қарағанды (12 бірлікке азайған) облыстары, сондай-ақ Астана қаласы (10 бірлікке азайған) мен Солтүстік Қазақстан облысы (7 бірлікке азайған) бар. Қазақстандағы апаттық жағдайдағы тұрғын үй мәселесі әлі шиеленісіп тұр. Ресми түрде апатты деп танылған тұрғын үй санының артуы тұрғын үй қорының тозғанын көрсетсе, өңірлер арасындағы алшақтық пен есепке алудағы олқылықтар (мысалы, Алматы қаласындағыдай) мәселенің толық көрінісін зерделеуге кедергі келтіреді.