Мас күйінде көлік жүргізген жүргізушіге сот шешімі тағайындалды

1 506

Фото:© ашық дереккөзАстанада мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып өлтіргені үшін 3 жылға сотталды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі zhasalash.kz сайтына сілтеме жасап.


Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өлімге әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша айыптау үкімін шығарған. Сот Е. есімді азаматты мас күйінде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережесін бұзу арқылы абайсызда адамның өліміне себепкер болды деп таныған. Сот материалдарына сәйкес, ер адам жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйінде автокөлік басқарған. Жол қозғалысы ережелерін бұзуы салдарынан ол Б. есімді жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Сотталушының әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды. Бұл бап көлік құралын мас күйінде басқарып, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкелген жағдайды қарастырылған. Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, ең жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Сондай-ақ сотта жәбірленуші тарапқа айыпталушының жұмыс берушісі 12 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлегені айтылған. Сот айыпталушының кінәсі оның өз мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, іс материалдарымен және жол-көлік оқиғасының сызбасымен дәлелденгенін атап өткен.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді:

-кінәсін мойындауы;

-шын жүректен өкініш білдіруі;

-бұрын сотталмағаны.

Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Нәтижесінде сот ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айыруға және 10 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыруға үкім шығарған.