Суррагат ана сәбиден бас тартты
Алматылық 27 жастағы келіншек Қытай елінің азаматтарына суррогат ана болуға келіскен,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
Алайда тапсырыс берушілер нәрестені уақытынан ерте туғаны үшін қабылдаудан бас тартқан. Келісімшарттағы соманың да бір тиынын бермеген. Ал ешкімге керегі болмай қалған нәресте балалар үйіне өткізілген.
Кристина — суррогат ана боламын, қыруар қаржы табамын деп опық жеген келіншектің бірі. Қытай азаматтарының "сәби сүйгіміз келеді" деген қалауын ақысына орындауға келіскен. Бірақ үш айдан бері көк тиын көрмеген. Нәресте жеті айлық боп туғандықтан, тапсырыс беруші төлемақы төлемек түгілі, оны қабылдаудан да бас тартқан.
Жыл сайын елімізде 150-ге жуық бала осылай суррогат жолмен дүниеге келген. Көбі тіпті мұны тұрақты табыс көзіне айналдырып алған. Кристинаның да бұл бірінші табысы емес. 27 жастағы келіншек бұған дейін құрсағын екі рет жалға беріп үлгеріпті. Әр дүниеге әкелген бөбек үшін он миллионға дейін ақша алған. Тек осы жолы өзі ойлағандай болмаған. Келісімшартта сәби жүктіліктің 32-аптасынан ерте туылса, келіскен соманың 70 пайызы өтелуге тиіс деп көрсетілген екен. Бірақ шетелдіктер мұны төлеуден де бас тартыпты. Амалы таусылған әйел полицияға арызданғанымен, нәтиже жоқ. Себебі бұндай істер тек азаматтық сот арқылы шешілуге тиіс дейді полиция департаменті.
Бүгінде нәресте балалар үйіне орналастырылған. Жағдайы қалыпты дейді дәрігерлер. Ал шетелдіктерден үміті үзілген ана енді азаматтық сотқа арыздануға кірісті. Жағдайды осылай ушықтырғаны үшін Кристина тапсырыс берушілерден тағы 5 миллион теңге өндіруді көздеп отыр.







