Тамағына тәтті тұрып қалған бала ажалдан аман қалды
Түркістанда тамағына кәмпит тұрып қалған 1 жасар бала құтқарылды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенеттігі BAQ.kz сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жедел жәрдем мамандары бір жасар сәбидің өмірін аман алып қалды. Кәмпитке қақалып қалған бала бір сәтте тыныс ала алмай қалған. Оқиға Түйетас ауылында тіркелген. Шұғыл шақырту түскен соң Бәйдібек аудандық жедел жәрдем станциясының №42 бригадасы дереу жолға шығып, қысқа уақыт ішінде оқиға орнына жеткен.
Дәрігерлер келген кезде бір жасар қыз баланың тыныс алу жолына кәмпит тұрып қалып, демі тарылып жатқанын анықтаған. Сәбидің жағдайы аса ауыр екенін түсінген медицина қызметкерлері кідірместен көмек көрсетуге кіріскен. Жедел әрі кәсіби әрекеттің нәтижесінде баланың тыныс жолындағы бөгде зат алынып, тынысы қайта қалпына келтірілді.
Қазіргі уақытта дәрігерлер сәбидің жағдайын бақылауда ұстап отыр.







