Баласы донор болып, әкесінің өмірін құтқарып қалды
Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек трансплантациясы бойынша 248-ота жасалды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Шымкентте ерекше жағдай орын алып, бала өзінің бүйрегін беріп, әкесінің өмірін құтқарып қалды. Реципиент, яғни донордан ағзаны алған науқас 2024 жылдан бері созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрған. 2025 жылдан бастап ол гемодиализге тәуелді болған.
“Донор мен реципиенттің медициналық көрсеткіштері сәйкес келіп, трансплантация отасы сәтті өтті. Қазір науқастардың жағдайы жақсарып, үйлеріне шығарылды”, – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін қалада 35 бауыр трансплантациясы және 248 бүйрек трансплантациясы жасалған. Соңғы операциялар медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін және трансплантология саласындағы тәжірибенің артып келе жатқанын көрсетеді. Денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарға ағзаны донорлық мақсатта беруге байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, трансплантация қызметіне қолжетімділікті арттыру бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Бұл тәжірибе Қазақстандағы трансплантологияның дамуына және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.







