Шетелде ем алғаннан кейін жағдайы нашарлаған науқас құтқарылды
Алматы дәрігерлері шетелде ем алғаннан кейін ауыр асқынуларға ұшыраған пациенттің өміріне араша түсті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
57 жастағы ер адамға өткен жылдың қазан айында ұйқы безінің ісігі диагнозы қойылған. Кейін ол туыстарының кеңесімен Үндістанға барып, сол жақта тексеруден өтіп, химиотерапия курсынан өткен. Жыл соңында, 31 желтоқсанда оған операция жасалып, ұйқы безінің бір бөлігі мен көкбауыры алынған.
Алайда елге оралғаннан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Ол бас айналу, әлсіздік және операция жасалған аймақтағы ауырсынуға шағымданған. Жекеменшік клиникаларда жүргізілген ем нәтижесіз болған соң, пациент Алматы онкологиялық орталығына жеткізілген. Тексеру барысында дәрігерлер операциядан кейінгі ауыр асқынуларды анықтады. Атап айтқанда, панкреонекроз, жайылған қан кету және панкреатикалық фистула тіркелген. Дәрігерлер шұғыл түрде қайта операция жасап, тоқ ішектің бір бөлігін алып, қан кетуді тоқтатты.
Онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Балтаев айтуынша, мұндай жағдайлар сирек емес. Соңғы бір айдың ішінде орталыққа шетелде ем қабылдағаннан кейін асқынулармен бірнеше науқас түскен. Нұрлан Балтаев онкологиялық ауруларды емдеу кешенді әрі жүйелі тәсілді талап ететінін атап өтті. Оның сөзінше, Алматы онкологиялық орталығында диагностика мен емдеудің заманауи әдістері қолданылады және олар шетелдік клиникалардан кем түспейді.
Дәрігерлер азаматтарды емдеу орнын таңдауда мұқият болуға және дәлелді медицина қағидаттарына сүйенуге шақырады.







