Жаппай төбелес түнгі тыныштықты бұзды

1 509

Фото:© aqmeshit-aptalygy.kzЕлордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түнде жастар арасында жанжал болып, үй тұрғындарының зәресін алған, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sn.kz сайтына сілтеме жасап.

Астанадағы Қасым Қайсенов көшесі бойында орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде түнгі уақытта жастар арасында жанжал туындаған Куәгерлердің айтуынша, бірнеше жігіттің арасындағы дауыс көтеру соңы қақтығысқа ұласып, тұрғындардың мазасын алған. Оқиғаға байланысты Астана қалалық Полиция департаменті түсініктеме беріп, 5 сәуір күні түскен шақырту бойынша оқиға орнына жедел топ жіберілгенін мәлімдеген. Құқық қорғау органдары жанжалға қатысқан азаматтарды анықтап, бөлімшеге жеткізген.

«Қақтығысқа қатысушылардың тұлғасы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында атыс туралы ақпарат расталған жоқ. Жанжалдың туындауына жастар арасындағы жеке өшпенділік пен қызғаныш себеп болған», - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Құқық бұзушыларға қатысты заң аясында шаралар қабылданып жатыр. Оларға «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары сотқа жолданған.