Автобус жүргізшісі жолаушыға тамақ жегені үшін шабуыл жасаған

1 505

Фото:© Видеодан скринТеміртауда қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушыға шабуыл жасаған үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде автобуста болған жанжалдың видеосы кеңінен тарады. Оқиға жолаушының қоғамдық көліктің ішінде тамақтануынан басталған. Бейнежазбада автобус жүргізушісі “Бұл жер саған асхана емес” деп ескерту жасап, жауап бермеген жолаушының жанына барып, оған дөрекі сөйлеп, автобустан түсірмек болған. Ал жолаушының өзін сабырлы ұстағаны және жүргізушіні әдейі ашуландыратындай әрекет жасамағаны байқалады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

“20 жастағы жолаушы отырған орнын жинастырып, автобустан өз еркімен түсіп кеткен. Тексеру барысында жүргізушінің қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын бейәдеп сөздер қолданғаны анықталды. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтады - ол осы өңірдің 43 жастағы тұрғыны. Аталған факті бойынша оған қатысты ұсақ бұзақылық бабы негізінде әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды”, - деп хабарлады  ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция қоғамдық көлікте мінез-құлық ережелерін сақтау барлық азамат үшін міндетті екенін еске салды. Сонымен қатар кез келген даулы жағдай заң аясында, өзара құрмет пен тәртіп сақтай отырып шешілуі тиіс екені атап өткен.