Қазақстанның барлық мешіттерінің ауласында жұма намазын оқуға рұқсат етілді
451
Қазақстанның барлық өңірлерінде осы аптада жұма намазын мешіт ауласында оқуға рұқсат берілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің "Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" 2021 жылғы 2 қыркүйектегі №38 Қаулысына сәйкес осы аптада еліміздің барлық мешіттері ауласында жұма намазын оқуға рұқсат берілді.
Осыған дейін ҚМДБ-ға қарасты 19 өкілдіктің бесеуінде ғана жұма намазын оқу уақытша тоқтатылған болатын. Жаңа қаулыға сәйкес енді еліміздің барлық өңірінде жұма намазы мешіт ауласында оқылады.
"Мешіттер, православие шіркеулері және басқа да діни объектілер аумағында ұжымдық діни іс-шараларды (оның ішінде "жұма намазы", күнделікті православиелік дұғалар және басқаларын) ашық ауада өткізу маска режимі мен бір адамға кемінде 4 метр есебінен әлеуметтік қашықтық сақталған кезде жүзеге асырылады", – делінген қаулыда.
Қаулыда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде діни объектілердегі санитариялық-дезинфекциялық режимге қойылатын талаптар да көрсетілген. Атап айтқанда, мешіттерде бір рет қолданылатын медициналық маскалардың жеткілікті қорымен, сондай-ақ қолды өңдеуге арналған дезинфекциялық сулықтармен, тері антисептиктерімен, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, діни объектілерде персонал мен діни қызметшілердің маскалар киюін қамтамасыз ету міндеттелген.
Сондай-ақ ғибадат үйлеріне (құрылыстарына) кіруге міндетті түрде маска болған жағдайда рұқсат етіледі. Ғибадат үйлерінде намаз оқу бір адамға 4 метрден кем емес есеппен қашықтықты сақтау кезінде жүзеге асырылады.