Ауруханаға бармаған 23 жастағы спортшы көз жұмды

1 508

Фото:© Видеодан алынған кадрТалдықорғанда 23 жастағы спортшы Аян Тұрдыбектің өліміне қатысты мән-жайлар тексеріліп жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның құрбысы Гүлім Бектұрғанованың айтуынша, спортшы өзін жайсыз сезінген кезде жедел жәрдем шақырылған. Келген бригада науқасты тексеріп, тамағының қабынғанын анықтаған. Оған дене қызуын түсіретін дәрі қабылдау ұсынылып, дәрігерлер кетіп қалған. Кейін бойжеткеннің жағдайы нашарлап, жақындары оны ауруханаға өздері апарған. Алайда туыстарының сөзінше, көпбейінді ауруханада тіркеуі жоқ деген себеппен қабылдамай, облыстық ауруханаға жіберген. Ондағы дәрігерлер науқастың жағдайын «инфекциялық» деп бағалап, инфекциялық ауруханаға бағыттаған. Медициналық мекемеде бойжеткенге екі тамшылатқыш қойылған. Құрбысының айтуынша, бастапқыда жағдайы жақсарғандай болғанымен, кейін өңі бозарып, еріндері көгерген. Науқастың ауруханада қалудан бас тартып, өз қолымен қолхат жазғаны хабарланды. Алайда сол түні оның жағдайы күрт нашарлап, қайтадан жедел жәрдем шақырылған. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, оны облыстық ауруханаға жеткізгенімен, бойжеткен есін жимастан көз жұмған.Фото:© Видеодан алынған кадр

Туыстары Аян Тұрдыбекке медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегенін, медицина қызметкерлері тарапынан салғырттық болуы мүмкін екенін айтады. Сонымен қатар олар өлім туралы қорытындыда «белгісіз заттан улану» деп көрсетілгенін атап өтті.

 Кейінірек науқас облыстық инфекциялық ауруханаға өз бетімен жүгінген, онда оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, стационарға жату ұсынылған. Алайда ол емделуден бас тартып, тиісті құжатқа қол қойған, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеғұлова.

Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы 9-шы  сәуір күні сағат 18:16-да Аян Тұрдыбекке алдын ала «жіті респираторлық вирустық инфекция» (ЖРВИ) диагнозы қойылып, тиісті ем тағайындалғанын хабарлады. Сондай-ақ сағат 03:49-да жедел жәрдемге қайта шақырту түскені белгілі болды. Дәрігерлер шұғыл көмек көрсетіп, науқасты облыстық ауруханаға жеткізгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар тексеру жүргізіп юстыр, сондай-ақ сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі, - деді Алмагүл Кенжеғұлова.

Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта 23 жастағы бойжеткеннің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал өңірдің спорт басқармасы Аян Тұрдыбектің көзі тірісінде күреспен айналысып, самбодан аймақтық жарыстарға қатысқан.