Әкімінің экс-орынбасары пара беріп, тергеуден сытылып кетпек болған
Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот басталды. Мақсұт Исақовқа «аса ірі көлемде пара берді» деген айып тағылып отыр. Экс-шенеунік қомақты ауызбастырық беріп, тергеуден сытылып кеткісі келді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Кездесу кезінде Исақов Сарбасовқа 200 мың долларды алдын ала келісілген жерге жеткізетінін айтады. Сөйтіп өз адамы арқылы қаладағы дүкендердің біріне 200 мың долларды пакетпен бірге тастап кетеді. Бұл қомақты қаражатты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тәркіледі", - дейді прокурор Мұхтар Арыстанов.
Тергеу мәліметінше, Шымкент әкімдігі үлкен көшелердің бірінің жылу құбырын ауыстыруға тендер өткізіп, оны әкім орынбасарына жағымсыз мердігер ұтыпты. Сөйтіп құрылыс компаниясынан 187 миллион теңге талап еткен көрінеді. Бұл соманы бермесе, мердігерге «соңыңнан шам алып түсемін» мен қорқытқан көрінеді. Кәсіпкер дереу Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданған. Сөйтіп осы істі жабу үшін Мақсұт Исақов комитеттің Шымкент департаменті бастығының орынбасарына 200 мың доллар бермекші болған дейді тергеушілер.
Исақовтың өзі бірде-бір айыппен келіскен жоқ. «Ешкімнен ешқашан пара алған да, берген де емеспін» деуден таңбады. «Керісінше, Манат Сарбасов кездесу кезінде 500 мың доллар бермесең, бәрібір қамайды» деп қоқан-лоққы жасады дейді экс-шенеунік. «Сегіз айға созылған тергеу кезінде көрмегенім жоқ» деп, әкімнің бұрынғы орынбасары тіпті жылап жіберді.