Қазақстанда әкім болуға қойылатын талаптар күшейеді
Бірнеше округтен әкімдікке түсуге тыйым салынады.Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Үкімет мүшесінің айтуынша, құжат өткен сайлау науқандары кезінде анықталған мәселелерді шешу және сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленген.
Заң жобасына сәйкес, әкімдікке кандидаттар тең дауыс жинаған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір ай ішінде қайта дауыс беру өткізу туралы шешім қабылдайды.
Әкім сайлауындағы даулы жағдайларды нақты құқықтық тетік арқылы шешуге мүмкіндік береді.
Құжатта кандидаттарды ұсыну тәртібі де қайта қаралған.
Бір адам бір мезгілде әрі мәслихат депутаттығына, әрі әкім лауазымына кандидат бола алмайды. Сонымен қатар бірнеше сайлау округі бойынша әкімдікке қатар үміткер болуға тыйым салынады, - деп түсіндірді Жұманғарин.
Заң жобасында ақпараттық алаңдардағы сайлауалды үгіт мәселесіне ерекше назар аударылған. Онлайн-платформаларды пайдалану кезінде барлық кандидаттарға үгіт материалдарын жариялау үшін тең жағдай жасалады. Егер кандидат белгілі бір саяси партиядан ұсынылса, ол партияның ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі аккаунттарын қосымша келісімшартсыз пайдалана алады.
Жаңа түзетулерге сәйкес, кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаржыландыру тартуға тыйым салынады. Бұл норма сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Заң жобасында сенімді тұлғалар институтына қатысты талаптар да нақтыланған.
18 жасқа толған Қазақстан азаматы ғана сенімді тұлға бола алады. Сонымен қатар ол Президенттікке, депутаттыққа, әкімдікке кандидат немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі болмауы тиіс.
Әкім болуға ұсынылған кандидаттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі де нақтыланды.
Жаңа нормаға сәйкес, кандидатты қолдау үшін сайлау округіндегі елді мекендердің жартысынан және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызынан қол жиналуы қажет. Сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтар сайлау комиссияларының құрамына кіре алмайды.
Комиссия мүшелерінің жауапкершілігі де күшейтіледі. Егер комиссия мүшесі лауазымдық өкілеттігін бұзса, оған ескерту жасалады. Ал мұндай жағдай алты ай ішінде қайталанса, оның өкілеттігін тоқтату мүмкіндігі қарастырылған.
Заң жобасында академиялық немесе бала күтімі демалысына шыққан сайлау комиссиясы мүшелерінің өкілеттігін уақытша тоқтату тәртібі енгізіледі.Бұл кезеңде жоғары тұрған комиссия уақытша мүшені тағайындайды.
Құжатта сайлау учаскелерін құру мәселесі де қамтылған.Алдағы уақытта вахталық әдіспен жұмыс істейтін орындарда және қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде сайлау учаскелерін ашу мүмкіндігі қарастырылады.Серік Жұманғариннің айтуынша, ұсынылған өзгерістер сайлау процесінің ашықтығын арттыруға, қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және барлық рәсімдердің қатаң сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.







