900 шақырымнан астам жол жөнделді
Ақмола облысында көлік инфрақұрылымының дамуы қорытындыланып, алдағы маусымға арналған жоспарлар жасалып жатыр, жолдарды жаңғырту және вокзалдарды жаңарту жайлы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жодары басқармасының басшысы Владимир Кулаков айтып берді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Сапалы жолдар өңір дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 900 шақырымнан астам автожол жөнделді. Жұмыстар республикалық маңызы бар «Астана - Қорғалжын» және «Көкшетау - Рузаевка» тасжолдарын, сондай-ақ ауылішілік көшелерді қамтыған. Жаңа асфальт 57 елді мекенде төселді, олардың қатарында Талапкер, Қоянды, Қараөткел ауылдары және Атбасар, Державинск, Зеренді сияқты аудан орталықтары бар.
Айтуынша, аталған инфрақұрылымдық жобалар аймақтың экономикалық дамуына тікелей әсер етеді және жол сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Жолдардың табиғи апаттарға дайындығына да ерекше назар аударылды. Биылғы су тасқыны кезеңіне жүргізілген алдын ала дайындық жұмысы өз тиімділігін толық көрсетті. Мамандардың айтуынша, көктемгі кезең басталмай тұрып-ақ жол инфрақұрылымын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынған. Нәтижесінде 100-ден астам су өткізу құбыры орнатылып, ескілері жаңартылып және қосымша жөндеуден өткізілді. Осы жұмыстардың арқасында нөсер жауын мен еріген қар суларының тасжолдарға жиналу деңгейі едәуір төмендеген. Бұрын су басу жиі тіркелетін қауіпті учаскелерде биыл мұндай жағдайлар айтарлықтай азайып, көлік қозғалысы тұрақты сақталған. Бұл тек жолдардың сақталуына ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жүк тасымалының үздіксіз жүруіне де оң әсерін тигізді.
Су тасқынынан зардап шеккен барлық жол учаскесі толықтай қалпына келтірілді. Жөндеу жұмысы жедел түрде жүргізіліп, жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен сапасы қайта қамтамасыз етілді. Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу және жедел әрекет ету шаралары алдағы уақытта да жалғасып, өңірдегі жолдардың төзімділігін арттыруға бағытталған.







