«Мені ешкім қорғамайды»: психолог студенттердің неге әлімжеттік көретінін түсіндірді
Соңғы бір айдың ішінде Қазақстанда студенттер мен жасөспірімдерге қатысты бірнеше ауыр қылмыс қоғамды алаңдатқан,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Аrasha.kz порталына сілтеме жасап.
Қызылордадағы жатақханадағы жұмбақ өлім, Талдықорғандағы пышақтау, Алматыдағы студент қызға күш көрсету туралы ақпарат, Шымкенттегі жүйелі әлімжеттікке қатысты сот. Мұның бәрі бір-бірінен бөлек оқиға болғанымен, бәріне ортақ сұрақ біреу ғана: «Неге қоғам әлі күнге оқу орындарындағы әлімжеттікпен әлек болып келеді?».
Мәселен, Қызылордадағы жағдай қоғамда қызу талқыланған жайттың бірі болды. Бірінші курс студенті небәрі 16 жастағы Нұрдәулет Мырзалының өлімі әлеуметтік желіде үлкен резонансқа айналды. Марқұмның туыстары жоғары курс студенттері «сыйламады» деген сылтаумен бірінші курс балаларын ұрып-соққанын айтты. Ең ауыр айып – жасөспірімді өлімші етіп сабап, кейін болған жайтты жасыруға тырысқан деген күдік. Қазір іс «адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.
Бұл оқиға көпшілікке студенттік ортадағы «тәртіп орнату», «үлкенді сыйлату», «тәрбиелеу» деген атпен жүретін бейресми күш көрсету мәдениетінің әлі жойылмағанын көрсетті. Әсіресе жатақханаларда бақылаудың әлсіздігі мен жабық орта әлімжеттіктің жасырын тамыр жаюына мүмкіндік беріп отырғаны жиі айтылады.
Алматыдағы Қонаев университетінің жатақханасында студент қыздың соққыға жығылғаны туралы ақпарат та қоғам назарынан тыс қалмады. Ресми мәлімет әлі толық жарияланған жоқ, бірақ әлеуметтік желідегі талқылаулар жастар арасындағы психологиялық қысым, буллинг пен топтық зорлық мәселесінің қаншалықты ушығып кеткенін көрсетті.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлардың көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, көптеген жатақханада бақылау әлсіз. Екіншіден, жастар арасындағы психологиялық көмек жүйесі әлі де жеткіліксіз. Үшіншіден, агрессияны «мінез», «қаталдық», «авторитет» ретінде қабылдайтын орта қалыптасып кеткен.
Qazaq Expert клубының маманы, психолог, Жадыра Сабированың сөзінше, соңғы кезде студенттер арасындағы қатыгездік, әлімжеттік пен күш көрсету оқиғаларының жиілеуін қоғамдағы бірнеше факторлармен байланыстыруға болады.
Сонымен қатар, психолог отбасындағы бақылаудың әлсіреуі, психологиялық қолдаудың жетіспеуі және әлеуметтік теңсіздіктің әсерін жоққа шығармайды. Өйткені ішкі сенімсіздігі бар жастар көбіне күш көрсету арқылы өзін маңызды адам ретінде сезінгісі келеді.
Көп жағдайда студенттер әкімшілікке немесе ересектерге сенбейді. Маманның осы сөзі жастар шағым айтқаннан кейін де мәселе шешілмейді деген тәжірибе қалыптасқанын көрсетіп отыр. Тіпті, кейбірі өз ортасынан шеттеп қалудан қорқады. Әсіресе жатақхана, жабық топтар немесе иерархиясы қатты ортада үнсіздік мәдениеті күшейеді.
Осындай қайғылы оқиғалар қоғамда резонанс тудырғанымен, мәселе түбегейлі шешілмей келеді, себебі көбіне біз салдармен күресеміз, ал себептер өзгеріссіз қалады. Жадыра Сабирова өз сөзінде көп оқу орнында профилактика формалды деңгейде өтетінін алға тартып отыр. Расымен де, бір өкініштісі әзірге әлімжеттіктің алдын алу жиналыс өткізу, ескерту айтумен шектеліп, ал студенттердің психологиялық ахуалымен жүйелі жұмыс аз жүргізіліп отыр.
Қазір қоғам тек қылмыскерлердің жазалануын емес, оқу орындарындағы бақылау жүйесінің өзгеруін, жатақханалардағы жауапкершіліктің күшеюін және буллингке қарсы нақты механизмдердің енгізілуін талап ете бастады. Өйткені студент үшін жатақхана білім алатын кезеңнің бір бөлігі болуы керек, қорқыныш пен зорлықтың мекені емес.







