Оқушылар сабақ үстінде порнографиялық видеолар көрген
Шығыс Қазақстан облысында 56 мектепте балалар тыйым салынған контент парақшаларына еркін қол жеткізіп келген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасы облыстың барлық мектептерінде тиісті бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату және кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шаралар қабылдау мәселесін көтеріп, облыстың білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету Департаментіне қадағалау актісін енгізді (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 7-2-бөлігі).
Прокуратураның хабарлауынша бүгінде балалар әлеуметтік кеңістікті белсенді пайдаланушылары болып табылады және мектептерде зиянды интернет сайттарға жиі кіреді.
Осыған байланысты, ықтимал келеңсіз салдарды ескеріп, прокуратура органдары ата-аналардың назарын балалар қарайтын интернет-контентті қадағалап, олармен қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне аударады.