Ер адам жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуыл жасаған
Павлодарда ер адам жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуылдаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға кеше Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Ер адам өзіне көмек көрсетуге келген медицина қызметкерлеріне тап беріп, жедел жәрдем көлігінің ішін ойрандаған.
Павлодар облыстық жедел жәрдем стансасының мәліметінше, 10 маусым күні 14:57-де жедел жәрдем пультіне өтіп бара жатқан адамнан көшеде белгісіз ер адамның сұлап жатқаны туралы шақырту түскен. Дәрігерлер бригадасы аталған орынға 9 минутта жеткен.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған. Зардап шеккен медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына тиісті арыз жазған.
Облыстық полиция шабуылдаған ер адамның ұсталып, мамандандырылған емдеу мекемесіне жатқызылғанын хабарлаған.
Полиция жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіп төндіру немесе күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.







