Қайтарымсыз грантқа өтініш беру қашан және қайда өтетіні белгілі болды
2026 жылғы 11 маусымда Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі азаматтарға жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға арналған гранттарға қатысты жақсы жаңалық таратты,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Таратылған ақпарға сүйенсек, халықтың әлеуметтік осал санаттары арасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінім қабылдау жүргізіледі.
Атап өтілгендей, грант бір рет қана беріледі және оны әр азамат тек бір мәрте ала алады.
"Конкурсқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады".
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Бұл ретте үміткерлер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:
мүгедектігі бар адамдар;
қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар азаматтар;
өңіраралық қоныс аударушылар;
мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны алушылар және (немесе) олардың жұбайлары;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар және (немесе) олардың жұбайлары;
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Белгілі болғандай, үміткерлерді іріктеуді ұсынылған бизнес-жобалар негізінде конкурстық комиссиялар жүзеге асырады. Өтінімдерді қарау барысында бизнес-идеяның өміршеңдігі мен даму перспективасы, жобаның қаржылық негізділігі және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті бағаланады.
Өтінім беру толықтай электрондық форматта Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Қатысу үшін порталға тіркеліп, өтінім нысанын толтыру, бизнес-жоспарды жүктеу және құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою қажет.







