"Жалғызбасты ана емес": Министр сәбиін арқалап, курьер болып жүрген әйелге қатысты пікір білдірді

1 506

Фото: threads.com/@almat_nesipkalievМинистр сәбиін арқалап, курьер болып жүрген әйелге қатысты пікір білдірген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Желіде қолында сәбиі бар курьер әйелдің суреті тарап, қызу талқыға түскен.

Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, курьер келіншек жалғызбасты ана емес. Оның жолдасы бар. Екеуі Шымкенттен Алматыға көшіп барған.

"Біз ол отбасыны зерттеп шықтық. Баланың әкесінде IT мамандығы бойынша жоғары білім бар. Ал келіншегі техникалық мамандық бойынша оқыған. 19 мамырда олар Алматыға келген, сол жерде өз бетінше тырысқан. Бірақ біз осылай көшіп баратын жастарға алдымен мансап орталықтарына баруға кеңес береміз. Сол жерде жұмыс ұсынады", – деді Ертаев.

Министрлік келіншекті жұмысқа алған курьерлік қызметке де хабарласқан.

"Оны баламен бірге жұмысқа қалай шығарған? Бізді осы мәселе мазалайды. Олар уақыт сұрады, келесі аптада тағы сөйлесеміз. Негізі нақты тәртіп болуы керек", – деді министр.

Вице-министрдің сөзінше, мұндай мәселе отбасының бюджеті мен ішкі қарым-қатынасына да байланысты болуы мүмкін. Дегенмен бұл жауап әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланған.

Қазір қазақстандықтар жас ана мен оның отбасына көмектесуге дайын екенін айтып жатыр. Алмат Несіпқалиев қоғам болып қол ұшын созғысы келетіндерге көмек тек нақты әрі тексерілген ақпарат арқылы көрсетілуі керек екенін ескерткен.

“Егер біз шынымен де қоғам, халық болып қолдау көрсеткіміз келсе, бірлікке, жауапкершілікке және адамгершілікке сүйеніп, бірігіп қол ұшын созайық”, – деді ол.