«Интимдік суреттерін жіберген»: Ер адам 12 жастағы қызбен кездесу үшін пәтер жалдаған
Көкшетауда «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері кәмелетке толмаған қызбен кездесуге әрекеттенді деген күдікке ілінген ер адамды анықтаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Ұйымның мәліметінше, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін тексеру мақсатында белсенділер 12 жастағы қыздың жалған парақшасын ашқан.
Көп ұзамай әлеуметтік желі қолданушыларының бірі хат жазып, әңгімені орынсыз арнаға бұрған. Баланың жасы бірнеше рет айтылғанына қарамастан, ол байланысын жалғастырған.
Белгіленген орынға баланың орнына «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері барған. Олардың айтуынша, күдікті ретінде 2001 жылы туған Шансанхан Бейбарыс анықталған.
Ұйым өкілдері жиналған барлық материалдар құқықтық баға беру үшін құқық қорғау органдарына тапсырылғанын мәлімдеген.
Тергеу нәтижелері бойынша ғана азаматтың іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім қабылданады.







