«Екі апта бойы кәріз су іштік»: ауыл халқы Президенттен көмек сұрады
Қарағанды облысындағы Күшоқы тұрғындары лас суға шағымданып, әкімнің кетуін талап етті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Politico.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы Күшоқы кентінің тұрғындары бірнеше аптадан бері ауызсу мәселесі шешілмей жатқанын айтып, ел Президентіне бейнеүндеу жолдаған. Тұрғындардың айтуынша, екі апта бойы су мүлдем болмаған. Кейін су қайта берілгенімен, құбырлардан қара түсті, жағымсыз иісті су аққан. Ауыл халқы жергілікті билік тарапынан ешқандай ескерту жасалмағандықтан, бұл суды амалсыз тұтынғандарын жеткізген. Күшоқылықтар әсіресе аптап ыстықта жағдайдың қиындағанын айтады. Ауа температурасы 40 градустан асқан кезде тұрғындар таза ауызсусыз қалып, балалар мен қарттардың денсаулығына алаңдаушылық білдірген. Ауыл тұрғындары су құбырларының санитарлық жағдайын тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде. Олардың сөзінше, судың иісі кәріз суын немесе тот басқан құбырларды еске салған. Ал аудан әкімдігінің өкілдері мәселені ескі желілерді жаңа су құбырларына кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстарымен байланыстырған. Шенеуніктер жүйені іске қосу кезінде орын алған кемшіліктер бойынша тексеріс жүргізілетінін мәлімдеген. Кездесу барысында Күшоқы кенті әкімінің міндетін атқарушы Абзал Ақтанов тұрғындардан кешірім сұрап, қажет болса қызметінен кетуге дайын екенін айтты.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына таза су тасымалданып жатыр. Мамандар зертханалық сараптама нәтижелері шыққанға дейін орталық су құбырындағы суды пайдаланбауға кеңес берген.







