Жастардың жаңа таңдауы: сәнді той емес, сенімді болашақ
Қазақстанда жастардың бір бөлігі қымбат тойдан бас тартып, жиналған қаржыны баспана алуға, кәсіп бастауға немесе басқа да ұзақ мерзімді мақсаттарға жұмсауды жөн көреді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары шағын форматтағы тойларға сұраныс артып келеді. Той ұйымдастырудағы ең ірі шығындардың бірі – қалыңдық көйлегі. Оны сатып алуға, жалға алуға немесе арнайы тіктіруге болады. Бағасы бірнеше жүз мың теңгеден миллиондаған теңгеге дейін жетеді.
"Біздің салонда көйлектердің бағасы 350 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін. Ал жалға беру құны 150 мың теңгеден 500–600 мың теңгеге дейін барады. Бағасы брендке және жеткізілуіне байланысты белгіленеді", – дейді той көйлектері салонының директоры Гүлзат Дүйсембаева.
Көйлектен бөлек, той бюджетіне мейрамхана, фотограф, видеограф, залды безендіру, жүргізуші және басқа да қызметтердің ақысы кіреді. Соған қарамастан, бүгінде кейбір жас жұбайлар бұл шығындарды барынша азайтуға тырысады. Мадина Елтаева жолдасымен бірге шағын той өткізуді таңдаған. Олардың айтуынша, мейрамханадағы орын құны бір адамға 5 мың теңге болған. Қалыңдық көйлегі OLX платформасынан 20 мың теңгеге сатып алынса, тортқа 7 мың теңге жұмсалған.
"Тойымызға кеткен барлық шығын 320 мың теңге болды. Оның ішіне мейрамхана, көйлек, торт кірді. Ал видеографты ағамыз сыйлады, тамада жұбайымның досы болды", – дейді Мадина Елтаева.
Оның жұбайының айтуынша, үлкен тойдан бас тарту отбасының қаржылық жағдайына оң әсер еткен.
"Той жасамағанымыздың арқасында қолма-қол ақшаға баспана алдық. Қазір оны кеңейтіп жатырмыз. Сонымен қатар үш кәсібіміз бар", – дейді ол.
Осындай шешімді Аяжан есімді қазақстандық та қабылдаған. Оның айтуынша, тойға шамамен 7 миллион теңге жұмсалатынын білген соң, жас жұбайлар тек жақын туыстарымен неке қию рәсімін өткізіп, тойға бөлінген қаржыны баспана сатып алуға бағыттаған.
"Ата-анамды пәтер алуға көндіре бастадым. Өз пәтеріңнің болғаны бір күндік тойдан әлдеқайда маңызды деп ойлаймын", – дейді Аяжан.
Мейрамхана өкілдерінің айтуынша, банкет бағасы маусымға байланысты өзгереді. Жаз айларында сұраныс артатындықтан, бір адамға шаққандағы құны 20 мыңнан 40 мың теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар соңғы жылдары той өткізу форматы да өзгеріп келеді. Егер бұрын көпшілік 200–250 адамға арналған той ұйымдастырса, қазір жастар көбіне 50–150 адамға арналған шағын банкет залдарын таңдаған.







