Қаралы үйдің қымбат рәсімі: Жерлеу мәдениеті өзгеріп бара ма?
Әлеуметтік желілерді қызу пікірталас туындады: ас берудің шығыны ақылға қонымды шектен әлдеқашан шығып кеткеніне шағымданатын адамдар көбейді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Threads желісінде алматылық Лаура П.-ның жазбасы резонанс тудырды. Ол Қазақстандағы жерлеу рәсімдері кейде тіпті тойдан да қымбатқа түсетінін жасырмай, ащы шындықты жеткізді.
"Біз асты неге мейрамханадағы тойға айналдырып үлгердік? Үйде мәйіт жатыр, отбасының қайғысы қалың, бірақ олар өмірден өткен жақынымен қоштасудың орнына ас үйде тұрып: "300 адамға ет жете ме? Қонақтарға тым арзан кәмпит ұсынылған жоқ па?" – деп бас қатырады", – дейді Лаура.
Оның байламынша, адамынан айрылған отбасы қолдау көрудің орнына қаржылық қарызға батып, жүздеген адамға қызмет көрсету міндетіне тап болады. Автор жиналғандардың көбі марқұмды жете білмейтініне, тек дәм тату үшін келгеніне, жай отырмай, алдына тартылған асты сынаудан да тайынбайтынына шағымданды.
"Көңіл айтуға келеді, тоя тамақ жейді. Содан сабыр сақтамай: "Ой, еті арық екен!" немесе "Шайды неге кешіктіруде?" деп сыбырласады. Не үшін келгендерін ұмытып кетеді. Жүрегіміз тілім-тілім болып тұрып, табақ тасып жүгіреміз. Мойындайтын уақыт жетті: бұл дәстүр емес, бұл – ұжымдық маразм. Бұл деген абсурд қой! Неге қаралы қазаны қонақжайлылық сайысына айналдырдық. Бәлкім, өлік басындағы бұл банкеттерді доғаратын уақыт жеткен шығар?", – деп ашынды ол.
Тағы бір видеода жас жігіт бүгінде елде басты назар Құран бағыштауға және марқұммен қоштасуға емес, қонақтарды лайықты қарсы алуға бөлінетін қынжыла жеткізіп, бұл ырым-жоралғыларды түсінбейтінін мойындады.
"Бұл қарбаласта адамның қайтыс болғанын да ұмытып қаласың. Тіпті әйелінің не бала-шағасының дұрыстап жылап-сықтауына да мұрсат бермейді. Өйткені қонақтар келіп жатыр, барлығын тамақтандырып үлгеру керек", – дейді блогер.
Оның пікірінше, қыруар қаржыны мұқтаждарға көмектесуге жұмсаған әлдеқайда орынды болар еді.
"Жылқы немесе сиыр сояды, түрлі тәттілер сатып алады. Әр саусағына үш жүзіктен таққан әйелдер дәмді тамақ жесін деп үстел жайнатады. Әйтпесе, ертең: "Дастарханы бос болды, адамды дұрыстап жерлей де алмады" дейді. Егер осы азық-түлікті мұқтаждарға таратып берсек, марқұм үшін бұдан иман көбірек болар еді. Мұны белгілі бір күндерде ғана жасау міндет емес, күнде жасауға болады", – деп ұсынды ол.
Бұл мәселеге қатысты пікірлер екіге жарылды. Көпшілігі бұл ұстанымды қолдады.
Марқұм әжеміз көзі тірісінде үйге жұртты жинамауды, жерлеуден кейін дастархан жаймауды өсиет етіп кеткен еді. Тек 40 күнін және жылын ғана өткіздік. Бізге біреудің пікірі емес, әженің өсиеті маңызды еді", – дейді Гүлфия.
"Әкемді қалай жерлегенімізді бұрынғы күйеуім "масқара" деп атаған еді. Оның ойынша, жүздеген адамды шақыру керек еді. Әкемді өлер алдында басқа қаладан қолыма көшіріп алғам. Достарының көбі бақилық болып кеткен. Мен сонда кімді шақыруым керек еді? Мәйітті шығару әдемі мешіттің жанында өтті, ең жақындарымыз болды. Асқа, жақсы мейрамханаға бар болғаны 40 адамды шақырдық", – дейді Д.
Дәстүрді қорғаушылардың дәйектемелері мығым
Алайда көңіл айтуға келушілерге ас беруді жақтаушылардың да өз уәждері жеткілікті. Олар мұндай жиындардың маңызды әлеуметтік және психологиялық рөлін атап көрсетті: қазақы ортада қаралы оқиға ешқашан бір отбасының жеке шаруасы болмаған, жұрты оны жалғыз қалдырмаған. Бұл – жалпыұлттық ынтымақтың бір көрінісі.
Дәстүрді жақтаушылардың түсіндіруінше, көңіл айтуға адамдар бос қол келмейді: олар дайын тағамды немесе "бата" түріндегі қаржылай көмекті әкеледі. Әр адамның қанша әкелгенін отбасы мүшелері арнайы дәптерге тіркеп, тізім жасап қояды.
"Өлген адамға ас беру шығыны өтеледі. Әркім бата әкеледі: бұл ауыр кезде отбасына жасалған көмек", – деп назар аудартты Ләззат.
"Біріншіден, марқұмның отбасы жүгіріп жұмыс істемейді, ас пісірумен келіндері, басқа туыстары айналысады. Екіншіден, ешкім бос қолмен келмейді, батаға ақша әкеледі. Үшіншіден, сіздің ата-анаңыз да басқалардың қазасына барған. Неғұрлым көп адам келсе, бұл марқұмның соғұрлым сыйлы болғанын білдіреді", – дейді Гүлжан.
"2 тамызда Маңғыстауда бір әйелді жерледі. Жаназасына 1000-ға жуық адам келді. Олардың бәрі марқұмды білетін жандар, кездейсоғы жоқ. Ешқайсысы бос қол келген жоқ. Жаназа тұрғын үй кешенінің ауласында өтті. Жақсы ұйымдастырылды: бәрін қарсы алды, тамақтандырды және марқұмды арулап шығарып салды. Ешкім пакеттерін тамақты салып әкеткен жоқ – бізде адам өлген үйден ас алу деген әдет жоқ", – деп әңгімеледі Маржан.
Пікір білдірушілер тамақ үшін таласатын немесе жаназада жанжал шығаратын кейбір нақұрыстар үшін халықтың салт-дәстүрлеріне толық тыйым салуға болмайтынына сенімді.
"Көбі көңіл айтушыларға неге дастархан жайылатынын дұрыс түсінбейді. Аста дұға оқылады, марқұмға жаппай иман тілейді. Ас берудің, көңіл айтудың мәні – бірлікте, яғни, ұрпақтары ол марқұмның көзі тірісінде кімдермен араласқанын көруі, танысуы керек. Артында қалған балаларына қолғабыс болып, жұмысқа алуы мүмкін. Ғасырлар бойы біз қайғыда да, қуанышта да жұдырықтай жұмылып келдік. Асты тойға айналдырудың қажеті жоқ, бірақ дастарқан жаю болған, бола береді де", – деген тоқтамға келді Шынар.
Діни басқарма не дейді?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұзап бара жатқан бұл айтыс-тартысқа нүкте қойды. Діндарлардың түсіндіруінше, Ислам діні көңіл айтушыларға дастархан жаюға тыйым салмайды, бірақ оны той-томалаққа, ысырапқа айналдыруды жақтамайды.
ҚМДБ түсіндіруінше, адам баласын тірісінде қадірлеп, сыйлағанымыз секілді, ақыретіне бет түзеген күнінен бастап оның рухын да қадірлеп, мұсылман деген атын ардақтау парыз. Бұл сонау ғасырлар бойы бабаларымыздың берген тәрбиесі, қалыптастырған жолы арқылы күні бүгінге жетті. Әлі де бұл тәрбиелік жолымыз, дүниеден өткеннің әруағына дұға бағыштау секілді сауапты іс жалғасын таба бермек.
"Асыл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рух шәрифіне құрметіміз қандай жоғары болса, "Алланың құлы, Мұхаммедтің үмметімін!" деп өткен жандарды да есімізден шығармай, ұрпағы мен ағайыны болып атынан садақа дастарханын жайып, рухына сауабы тисін деген ниетпен Құран бағышап, игі істерді жалғайтынымыз ақиқат. Өкінішке қарай тәуелсіздік алып, енді ғана етек-жеңімізді қымтай бастаған тұста іргемізді сөгіп, ағайындығымызға сызат салғысы келіп, қой терісін жамылған ағымдар төбе көрсетті. Дінге жаны ашыған кейіпте көрінген жат ағым өкілдері біздің дінмен етене ұштасып жатқан дәстүрімізге қарсы тұрып, қоғам арасында "бидғат" деген түсінікті көтерді", – делінген діни басқарманың түсіндірмесінде.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: "Кім Исламда қандай да бір жақсы әдет (жол) бастаса, өзінің сауабына және одан кейін осыны істейтіндердің сауабына ие болады, бұл олардың сауабын еш кемітпейді.
Ал, кім Исламда жаман әдет бастаса, сол өз күнәсінің және өзінен кейін сол істі істегендердің күнәларының ауыртпалығын көтереді, бұл олардың күнәларының ауыртпалығын еш азайтпайды".
"Бірақ теріс ағым ұстанушылар шариғаттың емес, өз сенімдерінің көзқарасына теріс көрінгеннің бәрін "бидғатқа" балап, дәстүр ұстанғанды дінсіздікке теліді. Бұл ұстанымдары тұтас мұсылмандардың арасына бүлік салып, қазақ қоғамына сызат түсіріп, алауыздық отын тұтатуға бағытталған. Бітпейтін дауға апарған тақырыптың бірі – жеті шелпек пісіру, әруаққа Құран бағыштау, сауап ниетімен садақа дастарханын жаю секілді тәрбиелік танымдарымызды бидғатқа шығарып, яғни, дінде жоқ амал, мұны жасағандар адасушылар деп айып таға түсті", – дейді Қызылорда қалалық "Мүсірәлі ата" мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаев.
Оның байламынша, діни ілімі саяз жандарды пайдаланып, халықта күдікті ой туғызып, елді игі амалынан ажыратып, бірлігін бұзып, ұлттық болмысынан жұрдай ету – жат пиғылдағылардың жымысқы мұраты. Демек бабаларымыздың шариғат аясында жасап келе жатқан садақа дастарханын бидғат санап, үзілді-кесілді теріске шығару – теріс іс.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисте: "Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалының барлығы тоқтайды. Тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі немесе оған дұға жасайтын салиқалы ұрпағы", – деген.
Хадисті негізге алған бабаларымыз салиқалы ұрпағының күллі ізгі амалына қуанып, қолдау көрсеткен. Ата-анасын барында бағалағаны секілді, дүниеден өткеннен кейін де садақа дастарханын жайып, өткендеріне Құран бағыштап, Алладан береке тілеп, көптің батасын алуды жөн іс көрген.
Қазақ халқы мұсылмандық үрдіспен, ата дәстүрімен дүниеден өткен жақынын еске алып, ас садақа жасап жатады. Еске алады, Құран бағыштайды, құрбан шалып, садақа етеді. Қолындағы бар мүмкіндігімен садақа еткенді жөн көреді. Сондай садақаның кең етек алған түрі – марқұмның рухына арнап, дастархан жайып, ағайынның батасын алуы.
"Қарға тамырлы қазақ емеспіз бе?! Оны үстіне елі шалғай қанша ағайын бар. Жаназасына келе алмаған ағайын жетілігі, қырқы, жүзі немесе жылдық асына келіп, төбе көрсетіп жатады. Міне, осындай кеуіл-қошын білдіре келген туыс-ағайынға ас дастарқанын жайып, құрмет көрсетіп, алыстан келген жанның дұға-тілегін алып жатамыз. "Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәли" деген сөз осыдан қалса керек", – дейді мешіттің бас имамы Қайырбек Отызбаев.
ҚМДБ дәйектеуінше, ас садақа дастарқаны мақтаныштың сипаты болмауға тиіс. Бұл сауапты істің түрі, яғни, нәпіл садақа болғаны жөн.
Жағфар ибн Әбу Тәліптің үйінде қазалы жағдай болғанда Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: "Жағфардың отбасына тамақ жасап беріңдер! Олар басымен қайғы болып қалды", – деген өсиеті бар.
Қаз
Рус






