Бастауыш сынып оқушылары насыбай атып жүр. Депутат дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы оқушылар насыбай атып жүргенін айтып, Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
"Бұл депутаттық сауалда көтерілетін мәселе емес еді. Алайда 4-5 сынып оқушыларының еш кедергісіз насыбай атып жүргенін көріп, еріксіз дабыл қағуға мәжбүрміз. Заңда тыйым салынғанына қарамастан, бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде бала деп, жас деп қарамай, еркін сатылуда. Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш етектен", - дейді мәжілісмен.
Депутат насыбайдың формасын өзгертіп, кәдімгі қалташадағы шай секілді қораптап, шақшалап, түрлендіріп ұсынылып жатқанын айтты. Сөзінше, «Жевательный табак», «Снюс», «Шайба» деген атаулармен таралып жатыр.
Кейбір деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен. Жарқынбек Амантайұлының айтуына қарағанда, насыбайдың құрамында қандай заттардың бар екенінің нақты белгісіз болуы да қауіпті.
Депутат атап өткендей, дәрігерлер насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтып келеді. Тіптен ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны да ғылыми дәлелденген.
Депутат Жанқынбек Амантайұлы елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет екенін айтты. Оның сөзінше, елімізде насыбайға заң жүзінде шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық танытып отырмыз.
Депутат ұсыныстары:
- Қазақстан Республикасның Үкіметі насыбайға қатысты заң талаптарын барынша қатаңдатып, оған мүлдем тыйым салу жөніндегі шараларды қолға алуы қажет.
- Қазақстан Республикасның Ішкі істер министрлігі еліміздің сауда орындарына арнайы рейд жүргізіп, заңсыз насыбай саудалаушыларды анықтап, тиісті шара қолдануы қажет.
- Қазақстан Республикасның Денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы насыбайдың құрамын зерттеп, оның адам денсаулығына тигізетін зияны туралы қорытынды әзірлеуі және өзге де жауапты мекемелермен бірлесіп, халық арасында кеңінен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.