Жаңақорғанда әкімдік мәжілісінде салық базасын ұлғайту және тұрғындар ұсыныстарын орындау мәселелері қаралды

2 249

Фото: gov.kz2025 жылғы 11 тамыз күні Жаңақорған ауданының әкімі Мәжит Самитовтың төрағалығымен кезекті әкімдік мәжілісі өтті. Жиында екі өзекті мәселе қаралды: салық базасын ұлғайту бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы және тұрғындармен кездесу барысында көтерілген мәселелердің жүзеге асырылу барысы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Салық базасын кеңейту – экономикалық тұрақтылықтың негізі

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қалдыбек Мұсаев баяндама жасап, салық түсімдерінің қазіргі жағдайы мен салықтық әкімшілендіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Аудан басшысы Мәжит Самитов өз сөзінде бұл мәселенің маңыздылығын атап өтіп, кент пен ауылдық округ әкімдеріне салықтық түсімдерді арттыру бойынша алгоритмге сәйкес жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін қатаң ескертті.

"Қазіргі әлемдік экономикадағы күрделі жағдай біздің елімізге де әсер етуде. Республикалық бюджеттің тапшылығы сезілуде. Алайда облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев жергілікті бюджетті толықтыратын көздерді табу, кірістер бөлігін ұлғайту жөнінде нақты талап қойып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы тапсырмалар қатаң бақылауда болады", – деді аудан әкімі.

Тұрғындар ұсыныстары – билік назарында

Мәжілістегі екінші мәселе 2025 жылдың маусым айында аудан әкімі өткізген кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесулерде көтерілген ұсыныс-пікірлердің орындалу барысына арналды.

Аудан басшысы аталған кездесулер барысында 64 ұсыныс тіркелгенін, солардың негізінде арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты міндеттер жүктелгенін айтты.

"Әрбір ұсыныс – нақты мәселенің көрінісі. Сондықтан барлық сала басшыларына, бөлім, мекеме жетекшілеріне және әкімдерге тұрғындар көтерген мәселелерді мерзімінде әрі сапалы орындау міндеті жүктеліп отыр", – деді Мәжит Самитов.

Мәжіліс қорытындысы

Жиын соңында аудан әкімі берілген тапсырмалардың орындалуы жіті бақылауда болатынын атап өтіп, есепті көрсеткіштерге ғана емес, нақты нәтиже мен тұрғындардың өмір сапасына әсер ететін жұмыстарға басымдық беруді талап етті.

Бұл әкімдік мәжілісі Жаңақорған ауданында жергілікті басқару мен халық арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты істердің бастамасы екенін көрсетті.