Қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатқан төрт баланың құқығы қорғалды.
Ақмола облысында прокуратура қолайсыз жағдайда өмір сүріп жатқан төрт баланың құқығын қорғады. Олар ата-ана міндетін тиісінше орындамаған, тұрақты баспанасы, табыс көзі жоқ анасынан оқшауланып, балалар үйіне жіберілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Шортанды ауданының прокуратурасы қолайсыз отбасында тұратын балалардың құқығын қорғау саласындағы заңдылыққа талдау жүргізіп, ата-аналық міндетін тиісінше орындамау фактілерін анықтаған . Прокуратура мәліметінше, рейд нәтижесінде бір отбасында төрт баланың қауіпсіз және тиісті өмір сүру жағдайы қамтамасыз етілмегені, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгені белгілі болған.
Алғашқы кезеңде балалар тексеруден өту және қажетті медициналық іс-шараларды жүргізу үшін уақытша аудандық ауруханаға орналастырылған. Олардың медициналық мекемеде болған кезеңінде аудан прокуратурасының қызметкерлері балаларға қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыру мақсатында балаларға арналған сыйлықтар табыстаған. Үлкен үш кәмелетке толмаған бала Балаларды қолдау орталығына, ал кіші бала Щучинск қаласындағы мамандандырылған балалар үйіне жіберілген.







