22 жыл құлдықта өмір сүрген әйел қожайынынан ер бала тапқанын мәлімдеді

638
Мадина Аманбаева 16 жасынан бастап қожайындарынан зорлық  көргенін заң жүзінде әлі де дәлелдей алмай келгенін айтып дабыл қақты. Қарағанды облысы, Шет ауданындағы қыстақта 22 жыл құлдықта болған әйелдің аталған жерде үш перзенті дүниеге келген деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Мадина Аманбаева шалғайдағы қыстақта ешқандай ақысыз ауыр жұмыспен айналысқан. Сондай-ақ, құлдықта болған кезде ферма иелері оған қол жұмсап, үстіне қайнаған су шашып, өзге еркектермен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. «17 жасымда қыстақ иесі зорлады. Ол кезде ешкімге айта алмадым. Әке-шешеңе айтсаң бұдан да жаман болады деді. Ортаншы баламның әкесі де осы. Екеуміз де ДНК тапсырдық. Балам бұлар туралы естігісі де, көргісі де келмейді. Өзі де, әйелі де талай ұрып, соққан. Үш баланы менен айыруға тырысты»- дейді жәбірленуші. 

«Қайсар» қоғамдық қоры белсенділері Мәдина Аманбаеваның бостандыққа шығуына жәрдемдескен. Айтуларынша, құқық қорғау органдарымен бірге 2020 жылдың 20 мамырында қыстаққа өзге адамды іздестіріп келген қоғамдық қор қызметкерлерінен Мадина көмек сұраған. «Мені бұл жерден алып кетіңдерші, шаршадым. Үш балам бар. Құлдықта болдым. Маған бір тиын ақша төленбейді. Жұмыскермен тұрып жатырмын. Ер адамдармен де тұрдым» - деп Мадина өз шындығын айтады. Алайда, қыстақ иелері Мадинаның айтып жүргені «жалған, өтірік» деп, жоққа шығарған. «Балаларын қарай да алмайды. Біз бағып-қағып асырадық, Жақсы қарадық» деген жауаптан танбайды. Шаруашылық иесі ДНК сараптамасына да сенбейді. Айтылып жүрген ақпараттың бәрі «іріткі салу» деп, бәрінен бас тартқан. Мадина Аманбаева бүгінде балаларымен бірге тұрады. Осы жылы қайырымдық қор екі бөлмелі пәтер сыйлаған. Үлкен қызы тұрмыста. Осыған дейін Мадина Аманбаеваның басындағы жағдай бойынша ҚР Заңында 126-бап «адамды заңсыз бас бостандығынан айыру» жөнінде қылмыстық іс қозғалды.

2021 жылы адам зорлау ісі бойынша жәбірленуші арыз түсірген. Алты рет қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жабылған. Енді «Қайсар» қоғамдық қоры халықаралық сотқа жүгінуді көздеп отыр.