Елімізде жаңа зауыттың құрылысы басталмақшы

301
Жамбыл облысы Сарысу ауданында кальцийленген сода шығаратын зауыттың құрылысы басталды - деп хабарлайды "Opennews.kz"ақпарат агенттігі NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев және «Yildirim Group» компаниясының президенті Юксель Йылдырымның қатысуымен ірі жобаның іргетасына капсула салу рәсімі өтті.

Юксель Йылдырымның айтуынша, құрылысы басталған «Qazaq Soda» ЖШС-нің кальцийленген сода өндіретін зауытының жылдық жобалық қуаты 500 мың тоннаны құрайды, болашақта 1,2 миллион тоннаға дейін артады - дейді.
Нысан құрылысына 400 миллион АҚШ доллары инвестицияланған, жоба 2024 жылы пайдалануға беріледі.
Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Құрылыс кезінде 1000 адам, іске қосылғаннан кейін 1300 адам жұмыспен қамтылады.

Бұл Қазақстанның өзін ғана емес, бірқатар көршілес мемлекеттерді кальцийленген содамен қамтамасыз ететін заманауи зауыт болмақ. 

Серіктестер бұл іске кальцийленген сода өндірісінде қолданылатын жаңа технологияларды тартуға ниетті. Сонымен қатар, заманауи өндіріс толығымен қалдықсыз жүйеде жұмыс жасайды, қалдықтар қайта өңделетін болады. 

«Бұл зауыт бауырлас ел экономикасының дамуына үлес қосып қана қоймай, көптеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді, негізінен 98-99 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Энергия, су, шикізаттардың барлығы жергілікті жерден алынады. Жоба Орта Азиядағы ең ірі химия өндіріс орталығы болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен жүзеге асырылатын жоба үшін алғысымызды білдіреміз», - деді Ю. Йылдырым.