Тур алып, шетелге шыға алмаған қазақстандықтар 2 жыл несие төлеп жүр

1 500

Фото: Stan.kzБүгін Ақтөбе сотының алды шетелге шығуды армандаған туристерге толды. Әлемді аралаймын деп армандаған 5 қаланың тұрғындары миллиондап несие алып, қарызға батып отыр, - деп Opennews.kz ақпарат агенттігі  Stan.kz сайтына сілтеме жасап  хабарлайды. 

Туристік фирманың басшысы Еркебұлан Аймұратов сот залына келді. Ол қарызды мойындаса да, сотқа “алаяқтық жасамадым” деген уәж айтты.

“Еркош тур” фирмасының басшысы Еркебұлан Аймұратов пен қызметкеріне ҚК-тің 190-3-бабы бойынша айып тағылды. Туристік компания Франция, Швейцария, Дубай, Куала-Лумпур, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Мальдив аралдары, Өзбекстан, Грузия, Түркия, Әзербайжан, Кения, Маврикий, Бали, Қытай және Италияға саяхат ұйымдастыруға уәде берген. Алайда жәбірленушілердің айтуынша, турлар жүзеге аспай, ақшалары қайтарылмаған.

Бірнеше айдан бері полиция мен прокураның табалдырыған тоздырған жәбірленушілер де бүгін сотқа келді. Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Орал қалаларының тұрғындары шетелге саяхатқа шығу үшін жолдама сатып алғанымен, сапарға бара алмағандарын айтады. Жәбірленушілердің бірқатары әлі күнге дейін несие мен бөліп төлеу бойынша қарыздарын өтеп жүр.Светлана Литвиненко жолдасымен бірге Еуропаға саяхаттауды жоспарлаған. Ол екі адамға арналған тур сатып алғанымен, сапарға шыға алмағанын және ақшасын әлі қайтарып алмағанын айтты.

“Мен екі адамға Еуропаға тур алдым. Жолдасыммен саяхаттағымыз келді. Турфирма уәдесін орындаған жоқ, біз саяхатқа шыға алмадық. Ақшамыз қайтпады. Біз сияқты жәбірленушілер көп. Бүгінгі сотқа олардың бір бөлігі ғана келді. Әділ сот болады деп үміттенеміз. Туристік компания маған 1 миллион теңге қарыз”, – деді жәбірленуші Светлана Литвиненко.

Ал Ләйлім Қожанова екі адамға арналған Еуропа турын 2 миллион теңгеге бөліп төлеу арқылы рәсімдегенін жеткізді.

“Көктемде екі адамға 2 миллион теңгеге Еуропаға тур алдық. Бөліп төлеуге рәсімдедік. Турды сатып алғаннан кейін ертеңіне компания жабылып қалды. Телефондарын бұғаттап, мүлдем байланыссыз қалды. Қазір ай сайын 84 мың теңге төлеймін. Әлі екі жыл төлеуім керек”, – деді жәбірленуші Ләйлім Қожанова.

Сотта Еркебұлан Аймұратұлы мен оның қызметкеріне Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша айып оқылды. Іс бойынша әзірге 49 жәбірленуші бар. Жәбірленушілер әлі тергеуде жатқан жүзден аса шағым бар екенін айтты. Алданғандар желіде чат ашып, өзара ақпарат алысып отыр.Ал айыпталушы тергеу барысында барлық қажетті құжатты ұсынғанын және клиенттердің ақшасын иемденгені дәлелденбеді деп отыр. Оның сөзінше, кассаға түскен қаражаттың бір бөлігі әуе билеттері мен жатын орындарға жұмсалған.

“Бір сәтте 17 миллион теңгені қайтару керек болды. Оның 11 миллионын қайтардық. Қалған 6 миллион теңгені қайтару қажет еді, бірақ мені тергеу изоляторына қамағаннан кейін ақшаны қайтару мүмкін болмады. Жәбірленушілермен 10 маусымға дейін ақшаны қайтарамын деп келіскен едік”, – деді айыпталушы.

Ол турлардың жүзеге аспауына халықаралық жағдайлар да әсер еткенін алға тартты. Атап айтқанда, Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа байланысты әуе қатынасындағы шектеулер мен басқа да қиындықтарды атады.Айыпталушы туристік компанияның 2020 жылдан бері жұмыс істегенін және осы уақыт аралығында шамамен 19 700 адамды саяхатқа жібергенін мәлімдеді.

“Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс та әсер етті. Әлемдік, менің қолымнан келмейтін нәрселер болды. Ұшпайтын ұшақты ұшып жібере алмаймын, әуе жабық. Сондай бір мәселелермен арамызда түсініспеушілік болды. Оған жазда саяхатқа баратын туристердің шығыны қосылды. Мен қамалмағанда ол туристер саяхатқа бара алатын еді. Жәбірленуші саны көбейді”, – деді Еркебұлан Аймұратұлы.

Сотта Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша айыптау актісі оқылды. Тергеу нұсқасына сәйкес, 1989 жылы туған Еркебұлан Аймұратұлы мен 2002 жылы туған Назгүл Аймұратова азаматтардың сеніміне кіріп, туристік сапарларды ұйымдастыруға уәде беру арқылы ақша иемденген деп айыпталып отыр.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, 2025 жылдан бастап олар Instagram әлеуметтік желісінде "Еркош 04 регион" парақшасын ашып, Қазақстан мен шетел қалаларына арзан турлар ұсынған. Парақшада шетелдегі демалыс орындарының бейнежазбалары мен туристік ұсыныстар жарияланған. Тергеу мәліметінше, күдіктілер сапарларды нақты ұйымдастыруға мүмкіндігі болмаса да, клиенттерден ақша қабылдаған.

Сот отырысы енді басталды. Куәгерлерден жауап алумен жалғасады. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.