Қызылордада теміржол өткелі болмағандықтан, жолаушы пойызы адам қағып өлтірді

2 284
Қызылорда қаласында  «Қазақстан темір жол» жолаушылар тасымалы пойызы «Құлагер» мөлтек ауданында жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 29 қыркүйек таңғы сағат 7 жарым шамасында Құлагер тұсындағы темір жол бойында адам өлімі орын алды. Темір жолдың өткелдерінен өту қаншалықты қауіпті екенін біле тұра басқа төте жол таппағандықтан, шарасыздан темір жол бойын кесіп өтіп жатамыз.  Осы орайда қауіптілікті ысырып қойып, уақыт үнемдеу үшін «Ақмаржан», «Коммунизм», «КБИ», «Қызыл үй», «Жаппасбай батыр» мөлтек ауданы тұрғындары, еңбектеген баладан еңкейген қарттарымызда жүретін тура жолға айналғалы қашан. Бірі балабақша мен  мектепке, бірі оқу орындары мен жұмысқа асығып, төтесінен кесіп отыратындығын билік білмейді емес біледі. Мемлекет үшін әрбір азаматтың өмірі баға жетпес құндылық деп таныған атқа мінер азаматтар қайда қарап отыр? Десекте, бүгінде сол құндылықтарымыз жүйткіген пойыздарға қағылып, жол бойында денелері шашылып жатса, енді бірін ұзын сонар жерге дейін сүйреп әкетіпте жатыр. Жауапкершіліктен басын ала қашқан «мырзаларымыз» осы мәселені неге көтермейді? Әлде қара халықтың көрері осы ма? Неге біздің әкімшілік қала тұрғындарын жүйткіген поездың астында қалдырып, қарап отыра бермек пе?  Белгілі журналист, депутат Сәрсенкүл Бихожа өзінің Facebook парақшасында: «Кезінде қалалық маслихат депутаттары болып, осы мәселені қалалық әкімдікпен, жергілікті темір жол саласы басшылары, мамандарымен бірлесіп талқыладық. Белгілі болғанындай сол тұстан жаяу жүргінші өткелін ашуға болады. Облыстық жол, көлік басқармасының басшысы  Тлеумбетов Мұрат Жолкелдіұлы  мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайды. Адамнан басқаның бәрін жасап алуға болады. Әр адам қайтып тумайды. Кездейсоқ жағдай дегенімізбен адам өміріне деген салғырттығымыздан, немқұрайлығымыздан болған қазадан өзімізді ақтап ала алмаймыз. Осы тұстың қауіптілігін, бір өткелдің қажеттігін айтып жұртшылық та шаршады»,  деп жазды.


       Расымен де,  болашақ бүгіннен басталады ертеңгі күні бармақ тістеп қалмас үшін бүгін әрекет ету керек. Осы орайда  қала әкімі Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы  мен Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Оспанов Бауыржан Әліпбайұлы қашанға дейін қол қусырып, қарап отыра бермек?  Шешімі табылмаған мәселенің жыры қаржы жетіспеушілігі болса облыс көлеміне шығып қазіргі облыс әкімінің тағында отырған  Әбдіқалықова Гүлшара Наушақызы нан шешімін сұраған жөн болар.  Халық темір жолдың арғы беті мен бергі бетін жалғайтын «алтын көпір» сұрап жатқаны жоқ. Бар болғаны тоннель іспеттес астын қазып, жер төле секілді болса да төбелері көкке жетері анық. Осы орайда, «Менің екі ұлым түскі ауысымда оқиды. Таңғы уақытта қызымды мектепке жетелеп алып барам, әкелемін. Мендегі мәселе екі ұл өздері  барып қатынайды. Осылар мектепке барып келер уақытында жүрегім аузыма тығылып, жанымды қояр жер таппай отырамын. Ойын баласы ғой бірін-бірі қуалап, пойыздың астында қап кете ма деген үрей басым»,-дейді Индира Есжанова. Шындығында да, осы мәселеге салғырт қарап отырған билік басындағылардың құлағына бұл ақпарат, жетер я жетпес. Десе де, етегі жасқа толып,  ажал құшқан жақындарынан айырылған қаншама қара жамылған отбасының қайғысына «ат үсті» қарағандығы ма? Олай дейтініміз, «Адам қаққан пойыздың тоқтауы өте қиын, оның үстіне ұзаққа ұшырып жіберіп, бас сүйектерін талқандап кетеді. Себебі, оның қаншама тонна жүгі бар, адамды іліп алып кетсе ең сорақысы сол біршама шақырым жерге дейін денесін бөлшектеп тастайды. Мәйіт денесін біздің «путеецтеріміз» жинап әкеледі және де оқыс оқиға болғандығы жөнінде хабар беретін де осы кісілер. Негізінде осы темір жол бойында жылына 2-3 реттен көп болмаса, аз болмайды. Бір пойызды көріп, екіншісін байқамай жатса енді бірі жүгіріп өтем деп ойлайды. Темір жолшылар арасынан да осындай оқыс оқиғалар болып тұрады»,-дейді темір жол жөндеу механигі Нұржан.  


           Қала тұрғындарының жан айқайын естір құлақ болса қанекей?  Қашанға дейін ана баласынан айырылып, қайғы жамылуы керек? Билік  сөзден іске көшуі үшін қанша жан ажал құшуы керек? Әлде осылай «сен тимесең, мен тименің» кейпінде отыру әдетке айналған ба? «Ел боламын десең бесігіңді түзе» демекші, болашақ жастарымыз бүгінгі бүлдіршіндер екендігін ұмытпаған абзал. Қолдан келгеннің бәрін жасау үшін көп қаражатты талап етпейді. Бар болғаны жерді қазу техникаларын жұмылдыру, көпір емес жер асты өткелін жасап беруін халық талап етуде.
 
 
редактор,
Айгерім МЕҢДІБАЕВА
фотожурналист,
Динара БАУЫРЖАНҚЫЗЫ