"Түрменің аурасы өте ауыр"
333
Қызылорда облысында үш түзеу мекемесі орналасқан. Бүгінде түзеу мекемесінде ер азаматтармен қатар, нәзік жандыларда еңбек етіп қызмет жасауда - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қызылордалық Толқынай Тлеубекова Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің инспекторы болып жұмыс жасайды. Нәзік жанды қызметкер – Әділет аға лейтенанты. Ол сотталғандарды күнделікті таңертең жұмысқа шығарып, техникалық қауіпсіздік ережесі нұсқауымен таныстырады. Тиісті құжаттарға қол қойдырып, жазасын өтеушілердің өндіріс аумағына баруын қамтамасыз етеді.
"Біздің түрмеде ауыр қылмыс жасаған азаматтар да жазасын өтеп жатыр. Сол себепті сақтық шараларын басты назарға аламыз. Бүгінде түзеу мекемесінде жұмыстан бөлек дәнекерлеу, ағаш ұстасы, техник-механик мамандықтары бойынша кәсіптік білім алуға жағдай жасалған. Кәсіптік колледжде 10 ай оқып, мамандықтары бойынша дипломдары табысталады. Мен осы шараларды үйлестіріп отыруға міндеттімін", – дейді инспектор.
Толқынай нәзік жандыларға түрмеде жұмыс жасау үшін ерік-жігер керек екенін айтады.
"Жасыратыны жоқ, түрменің аурасы өте ауыр. Бірақ біз оған үйреніп кеттік. Сан қилы тағдыры бар сотталушыларды білеміз. Балаларына кездесуге келген аналарды, күйеулерін сағынған әйелдерді, әкелік мейірімді іздеп келген балаларды көргенде жүрегің ауырады. Талай адамның өкініштен көз жасы төгілген жердің ауасы да бөлек", – дейді Толқынай Батырханқызы.
Сондай-ақ сотталғандар арасында суицидтің алдын-алуға тырысатын – ЗК 169/1 мекемесінде еңбек ететін Айзат Мырзалы.
"Сотталған адамның миында сан түрлі ойлар болады. Жанын қинаған сұрақтар маза бермейді. Осындай кезде біз көмекке келеміз. Қолымыздан келгенше моральдық тұрғыда қолдау білдіреміз. Оларды алаңдатқан мәселелерді тыңдаймыз, уайым-қайғыларымен бөлісуіне жағдай жасаймыз", – дейді психолог маман.