Елімізде мақсатсыз иемденген 12 млн гектар жер пайдаға аспай бос жатыр

419

ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов елімізде 12 млн гектар жайылымдық жерлердің бос жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Оның айтуынша,мониторинг нәтижесінде еліміздің 60 ауданы бойынша жайылымдық алқаптардың 26,2%-ы өте нашар жағдайда және 33,4%-ы нашар жағдайда екені анықталған.


Сондай-ақ, 1 млн гектар егістік жердің пайдаланылмай жатқаны белгілі болған.


«Жер пайдалану мониторингі бойынша 1 млн гектар пайдаланылмайтын егістік жерлер, 817 мың гектар егістік жерлерді мақсатсыз пайдалану, 12 млн гектар малы жоқ жайылымдық алқаптар анықталды. Пайдаланылмайтын жайылымдық жерлер Алматы облысында – 1,3 млн гектар, Ақтөбе облысында - 1,3 млн гектар, Қарағанды облысында - 1,3 млн гектар», - дейді комитет төрағасы.


Оралмағамбетовтің сөзінше, пайдаланылмайтын жатқан егістік жерлер Қостанай (277 мың гектар), Солтүстік Қазақстан (126 мың гектар) және Абай облыстарында (90 мың гектар) көп анықталған.


Айта кетейік, бұдан бұрын Алматы облысында 3,5 мың гектар жайылымдық жер олигархқа заңсыз берілгені хабарланған.


Ал Түркістан облысында жайылым тапшылығын қолдан жасаған 174 әкім жазаланды.