Ұстаздарға арналған салтанатты жиын өтті

455
Қызылорда облысында «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты салтанатты жиын өтті. Аталған шарада облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ұстаздарға құрмет көрсетіп, марапаттады - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Салтанатты шараға білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары, мұғалімдер мен жас педагогтар шақырылды.

«Әлемді жайлаған пандемия салдарынан қиындықпен бетпе-бет келген осындай сындарлы кезең мұғалімдерге де оңай тиген жоқ. Ұстаздардың жаңа технологиямен байланысты дағдыларды тез игеріп, тосын жағдайға шұғыл бейімделуіне тура келді. Ата-аналар да өз кезегінде ұстаздар қауымына қолдауларын білдірді. Бүгінгі мерейлі сәтті пайдалана отырып, барлық кедергі мен қиындыққа қарамастан, жаңа ғасырдың зерделі ұрпағын тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп жүрген Ұстаздар қауымына алғыс айтамын. Мұғалімге қолдау көрсету - әрдайым біздің басты назарда. Биыл білім беру саласына облыс бюджетінің 45 пайызы, яғни 171 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын көтеруді тапсырды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы облысқа республикалық бюджеттен 32 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алдағы жылдарда бұл өз жалғасын табады. Сәйкесінше ұстаздарға қойылатын талап та күшейеді. Сондықтан, білім сапасының жоғары деңгейде болуы аса маңызды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңір басшысы ұстаздарға арналған ыстық лебізінен соң, отандық білім саласына елеулі үлес қосқан тәжірибелі ұстаздарға түрлі деңгейдегі марапаттарды табыстады.
 Ұстаздар басқосуында Ы.Алтынсарин төсбелгісімен Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласы, №277 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ақзия Байтөреева, Қызылорда қаласындағы №176 орта мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қадіркүл Шаймағанбетова, «ORDA SCHOOL» мектебінің директоры Рауаш Алиева, М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің математика пәнінің мұғалімі Ғазиза Суханбердина және № 10 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағиша Есбосын марапатталды.

Сонымен қатар, 2 сала қызметкеріне «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, 2 ардагер ұстазға «Еңбек ардагері» төсбелгісі тасбысталды.
 Ал 11 педагог «Қызылорда облысының білім саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшелік белгісімен» марапатталды.